Швед үстелі: Қарулы күштердің тамақтану жүйесіне жаңа стандарттар енгізіліп жатыр
14:55 30.03.2026 (жаңартылды: 14:56 30.03.2026)

© Photo : Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Жазылу
Жаңа тамақтану моделі әскерилерге күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз таңдауын жасауға мүмкіндік бермек
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Негізгі жаңалықтардың бірі әскери қызметшілерге бірнеше тағам арасынан өз таңдауын жасауға мүмкіндік беретін "швед үстелі" элементтерін енгізу болып отыр.
"Жаңа тамақтану моделі әскери қызметшілерге күн сайын бірнеше түрлі бірінші және екінші тағамнан өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді, бірақ пайлардың бағасы өзгермейді. Мұны тағамды дайындау мен тарату процесін оңтайландыру арқылы іске асыру көзделген", - дейді Қорғаныс министрлігі.

Қарулы күштердің тамақтану жүйесіне жаңа стандарттар енгізіліп жатыр
© Photo : Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қазіргі таңда 40 мыңнан астам әскери қызметшіні тамақпен 23 қызмет көрсетуші қамтамасыз етеді.
Министрліктің айтуынша, тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесі ұзақ мерзімді негізге көшірілмек. Келісімшарттар үш жыл мерзімге жасалып, конкурс рәсімдері толықтай электрондық форматқа ауыстырылады. Бұл процессті ашық етеді, әрі сыбайлас жемқорлық қаупін жойып, жеткізушілердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әскери қызметшілердің пікірін есепке алуға ерекше назар аударылған.
"Біз тамақтануды ұйымдастырудың заманауи моделіне көшудеміз. Бұл жерде негізгі назар әскери қызметшінің нақты қажеттілігіне аударылады. "Швед үстелі" элементтерін енгізу сарбазға таңдау жасау мүмкіндігін беру, тағамның әр түрлілігін қамтамасыз ету және тамақ сапасын арттыру жолы болмақ. Бірақ мұның бәрі шығындарды көбейтпей жүзеге асырылады, – деді Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Алмаз Жұмакеев.
Айтуынша, рәсімдердің бәрі мүмкіндігінше электрондық форматқа көшіріледі және конкурс кезінде адам факторының әсері жойылады.
"Біздің міндетіміз – тамақтануды ұйымдастыруды жаңа деңгейге көтеру. Сонымен қатар, тамақ рационын ұлттық тағамдармен толықтыру және калория мөлшерін арттыру бойынша қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, далалық жағдайда тамақ сапасын арттыруға және әскери аспаздар институтын дамытуға ерекше мән беріліп отыр", - дейді министрлік.
