Қазақстандықтар Наурыз мейрамын тойлап жатыр

© Sputnik / Санат ИмангалиевНаурыз в Астане
Наурыз в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.03.2026
Жазылу
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды
АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Қазақстан халқы бүгін әз Наурыз мерекесін тойлап жатыр. Биыл да "Наурызнама" тұжырымдамасы аясында барлық өңірде мерекелік шаралар бір апта бұрын басталды. Ал негізгі шаралар 21-22 наурызға жоспарланып отыр.

"Наурызнама" қалай басталды

Бұған дейін Қазақстанда әдетте бұл мейрамды күн мен түн теңесетін 22 наурызда тойлау дәстүрі болған. Бірақ үкіметтің ұсынысы бойынша Наурызды бір күн емес, 21, 22, 23 наурыз күндері, яғни, үш күн бойы тойлау туралы шешім қабылданды. Ал екі жылдан бері Ұлыстың ұлы күнін елде тұтастай 10 күн тойлайтын болды. Яғни, бұл мейрамды енді қазақстандықтар 14-23 наурыз аралығында мерекелейді. Бұл онкүндікті "Наурызнама" деп атады.
Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасына сәйкес, әрбір күннің өзіндік атауы бар. 14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі, 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы.
Наурызнаманың қорытынды күні - 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Мейрамның тарихы

Дүние жүзі халықтарының көпшілігі Наурыз мерекесін ықылым заманнан тойлайды. Кейбір деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтуде.
Бұл мейрамды ежелгі гректер "патрих", бирмалықтар "су мейрамы", тәжіктер "гүл гардон", "бәйшешек", "гүлнаурыз", хорезмдіктер "наусарджи", татарлар "нардуган", буряттар "сагаан сара", соғдылықтар "наусарыз", армяндар "навасарди", чуваштар "норис ояхе" деп түрліше атаған.
Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы Наурыз мейрамын күн мен түн теңесетін, жаңа жылдың басталар шағында тойлаған. Ұлыстың ұлы күнін "Армысың, Әз Наурыз" деп қарсы алған. 21 наурызда Жер иесі – Қыдыр ата ел-елді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген наным-сенім бар.

Бұрын "діни мейрам" болған

Кеңес үкіметі тұсында Наурыз мейрамын "діни мейрам" деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға тыйым салған. Сол кезде салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасылар ғана көктемгі мерекені жасырын түрде тойлаған. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия атынан Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.

Наурыз мейрамын қалай тойлайды?

Парсы халқы Наурызды бірнеше күн тойлаған. Әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған.
Бұдан бөлек, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже "сумалак" ұсынады. Наурыз жаңару, жаңғыру мерекесі болғандықтан, ескі-құсқы киімдерден арылып, ескірген шыны аяқты сындырған.
"Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді" деген сөз бар. Оның астарында үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Ауыл ақсақалдары араздасып қалған бауырлас ел, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып табыстырған, жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Қараусыз қалған кембағал жандарды жақын туыстарының қарауына берген. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген.

Шетелде Наурызда қалай демалады

Биыл қазақстандықта сенбі мен жексенбіге дөп келетін демалысты есепке алғанда Наурызда 5 күн демалады. Сонымен қатар осы мейрамды тойлайтын басқа елдерде де демалыс енгізілген. Мысалы, Қырғызстанда 4 күн, Өзбекстанда 3 күн, Тәжікстанда 6 күн, Әзербайжанда 5 күн, Түрікменстанда 2 күн, Иранда 4 күн, Албанияда 1 күн демалады.
Ал Түркияда Наурыз ресми түрде тойланбайды. Ауғанстанда билікке тәлібтердің келуімен бұл мерекенің мемлекеттік мәртебесі алынып тасталды.
Президент - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.03.2026
Путин Тоқаевты және Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады
Жаңалықтар
0