Қадір түні – 2026: мың айдан да қайырлы қасиетті түн

© Sputnik / Санат ИмангалиевҚадір түні
Қадір түні - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2026
Жазылу
Қадір түні - мұсылман біткен құлшылық етіп, Алладан кешірім, мейірім, сауап сұрайтын түн
АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. 2026 жылы мұсылмандар 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні "Қадір түнін" қарсы алады. Қадірін білгенге Қадір түнінің тірлікте берер ырыс-несібе, байлығы мол, тек шын жүрегіңізбен құлшылық етсеңіз болды. Қадір түні не істеу керек? Пендеге берген несібесі қандай?
Қадір түні — Ислам дініндегі ең қасиетті түн. Ол Ораза айының соңғы он күнінің бірінде болады. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" айтылған. Бес аяттан тұратын сүреде Құран Қадір түнінде жер бетіне түскендігі айтылған. Дәл осы түні Жәбірейіл періште Алланың әмірімен жер бетіне түседі. Ол адамдарға қызмет етіп, Жер бетінде таңға дейін тыныштық болады делінген. Бұл күні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең. Сол себепті мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.

"Қадір" сөзінің мағынасы

Құран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир "Қадір" сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтқан.
"Қадір" сөзі "үкім түні" мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады.
"Қадір түні мың айдан да қайырлы", - деп баяндалады.
"Қадір" сөзі "сығылысу" мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі "тарылу" мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады дейді.
"Періштелер және Жәбірәйіл осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі",- деп баяндалады. Негізінде, Қадір сөзі осы үш мағынаны да білдіреді.

Қадір түні оқылатын дұғалар

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл түні Алладан кешірім сұрауды өсиет еткен. Айша анамызға (р.а.) үйреткен ең басты дұғасы мынадай:
"Аллаһумма иннәкә ‘афуун, тухиббуль ‘афуа фа’фу ‘анни".
Қазақша мағынасы: "Уа, Алла! Расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше, мені кешіре көр!"
Кімде-кім: "Құлшылыққа лайықты одан басқа құдай болмаған, Тірі әрі Мәңгі Жасаушы Ұлы Алладан кешірім тілеп және Оған тәубе етемін", - десе, ол тіпті ол ұрыс алаңынан қашқан болса да Алла оны кешіреді.
"Әстәғфируллаһ-әл-Азыймә әлләзи лә иләһа иллә һуәл-Хайюл-Қаййуму уә әтубу иләйһ!"
Қарыздан құтқарып, уайымыңызды кетіретін дұға
"Я, Алла! Расында, мен Саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығынан әрі адамдардың жәбірлеуінен сиынамын". (Бухари)
"Аллаһуммә инни әъузу бикә мин әл-һәмми, уәл-хазәни, уәл-ъажзи, уәл-кәсәли, уәл-бухли уәл-жубни, уә даләъид-дәйни, уә ғаләбәтир-рижәәл".
Ауру-сырқаудан, жоқшылық пен қабір азабынан Аллаға сыйыну
Я, Алла! Тәніме саулық бер! Уа, Алла! Естуіме саулық бер! Уа, Алла! Жанарыма саулық бер! Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Уа, Алла! Мен күпірлік пен жоқшылықтан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сондай-ақ қабір азабынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сенен басқа ешбір Құдай жоқ. (Бухари, Әдәбул Муфрад)
"Аллаһумма ъафини фи бәдәни, Аллаһумма ъафини фи сәмъи, Аллаһумма ъафини фи басари, лә иләһә иллә әнт. Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-куфри уәл-фәқр, уә әъузу бикә мин ъазәбил-қабр, лә иләһә иллә әнт".
Қадір түні жасалған қандай жақсы дұға болсын орындалады. Өйткені мейірімі шексіз Алла жұмыр басты пейілі мен ниеті түзу пендесінің шын жасаған дұғасын қашан да қабыл еткен.

Қадір түнін құлшылықпен өткізу

Бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасалып, намаз көбірек оқылу керек. Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, оны ынта-шынтамен түсініп, сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс. Пайғамбарға салауат айтып, оның шапағатынан үміттену керек. Сондай-ақ:
уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу,
тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу,
Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту керек.
Міне бұл амалдардың барлығы "Қадір түні" орындалуы абзал амалдар.

Қадір түні ұйықтамау шарт па

Қадір түні – қасиетті, құдіретті, мөлшем, тағдыр деген мағыналарды білдіреді. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда "Қадыр түні мың айдан да қайырлы" деп айтылған.
"Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, намазда тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі", - делінген.
Демек қадір түнін барынша құлшылықпен өткізу керек. Бірақ ұйықтамай өткізу шарт емес, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандары.
Мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршап-шалдықса кішкене тынығып алудың оқасы жоқ, дейді мүфтият.
"Бұл түнде сауабы мол жария садақа болады. Жария садақаны көпшілікке пайдалы құрылыс нысандарына жасау – өте құпталатын амалдардың бірі", - дейді Қазақстан мұсылмадарышариғат және пәтуа бөлімінің маманы діни басқармасы Елбек Тасболатұлы.

Қадір түнін мешітте өткізгеннің сауабы мол ма

Қадір түнін міндетті түрде мешітте өткізу керек деген талап жоқ. Ең бастысы Аллаға мінәжәт етіп, адал көңіл, шын жүректен жасаған жақсы дұға-тілек қайда болсын қабыл болады.
Қадір түнін қарсы алуда ер мен әйелге қойылатын талап бір, ерекшелігі жоқ. Бірақ әйел адамның бұл түнді үйінде өткізуі, үйде отырып тілеу тілегені сауапты іс дейді мүфтият. Өйткені әйел шаңырақтың шамшырағы, отбасының ұйытқысы.
Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ал Ораза айт 20 наурызда басталады.
ҚМДБ қасиетті Қадір түнін қалай қарсы алу керек екенін айтты - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.05.2019
Видео
83 жыл құлшылық етумен тең: Қадір түнін қалай өткізу керек - видео
Жаңалықтар
0