"Баладан бас тартты": алматылық суррогат ана әділдік іздеп жүр

© SputnikСтресс. Иллюстративное фото
Стресс. Иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2026
Жазылу
АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Алматылық суррогат анаға тапсырыс берген Қытай азаматтары баладан бас тартты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
27 жастағы Кристина Гаврилюк Қытайдан келген ерлі-зайыптымен суррогат ана болу туралы келісім жасасқан. Оның айтуынша, Алматыда эмбрион салынған. Жүктілік кезінде тапсырыс берушілер шығынды төлеп, ай сайын 200 мың теңге аударып тұрған. Алайда суррогат ана айы-күні жетпей, жеті айда босанып қояды. Биологиялық ата-ана шала туған баланы алып кетуден бас тартады.
Кристинаның айтуынша, бала туғаннан кейін қытайлық ата-ана медициналық сараптама мен ДНҚ өткізуді талап еткен. Сараптама қорытындысы нәрестенің ата-анасы қытайлық азаматтар екенін растаған.
Босанғаннан кейін нәресте балалар үйіне берілді. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты, біртіндеп салмақ қосып келеді.
Алматы полиция департаменті тексеру қорытындысы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанын хабарлады, себебі қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Полиция мұндай дауларды азаматтық сотта қарау керек дейді.
Заңгерлердің айтуынша, суррогат ана азаматтық іс бойынша сотқа жүгіне алады. Биологиялық ата-ана шетелдіктер екенін ескере отырып, мәселені дипломатиялық арналар арқылы, соның ішінде Қытай елшілігі мен сыртқы істер министрлігі арқылы шешуге болады дейді.
Негізі Қазақстанда суррогат ана болуға заңмен рұқсат етілген. Тараптардың құқықтары мен міндеттері "Неке және отбасы туралы" кодекспен реттеледі. Мұндай жағдайларда дау шарт бойынша сыйақы төлеуге де, бала үшін жауапкершілікті одан әрі анықтауға да қатысты болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта биологиялық ата-ананың жүрген жері белгісіз. Сәбидің тағдырын әзірге мемлекеттік органдар шешіп жатыр.
Жаңалықтар
0