Атыраудағы жұмбақ өлім: қылмысқа отбасылық жанжал себеп болған

© Photo : Атырау облыстық полициясыАтырау облысында бір отбасының төрт адамы жоғалып кетті
Атырау облысында бір отбасының төрт адамы жоғалып кетті - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.03.2026
Жазылу
Отбасының кіші қызының бұл іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр
АСТАНА, 10 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты қылмыстың кейбір фактісімен бөлісті, деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.
"Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтты. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерден көмілген күйде табылды", - деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйдің шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларды іздестіру жалғасты. Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге халықаралық іздеу ерлі-зайыптылардың кіші қызына да жарияланған. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
"Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, осы елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кіші қызы да анықталды. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізді. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.
"Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр, іс министрліктің бақылауында", - деді Қанат Нұрмағамбетов. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда.
Сонымен қатар отбасының кіші қызының бұл іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Оның психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді.
Форма патрульных полицейских  - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2026
Атырау облысында жоғалған отбасының тағы екі мүшесінің мәйіті табылды
Жаңалықтар
0