"Көзім мүлдем көрмей қалды": Көкшетауда ғаріп қыз спорт және қолөнермен айналысады

Көкшетауда ғаріп қыз спорт және қолөнермен айналысады
Көкшетауда ғаріп қыз спорт және қолөнермен айналысады - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2026
Жазылу
Инфекция түскен, бірақ дәрігерлер диагноз дұрыс қоя алмаған
АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Көкшетаулық Әсия Балшекеева қолөнер бұйымдарын тігумен айналысады. Қос жанарынан ғаріп болған бойжеткеннің қолынан шыққан заттарға республика бойынша тапсырыс түседі. Sputnik Қазақстан тілшісіне шебер қыз болашақ арманымен бөлісті.
12 жасқа дейін көз жанары сап-сау болған қыз аяқ-асты ауыра бастаған.
"13 жасымда көзім мүлдем көрмей қалды. Басында көзім қызарып ауыра бастады. Инфекция түскен, бірақ дәрігерлер диагноз дұрыс қоя алмаған. Қазір мүлдем көрмеймін. Әу баста қараңдаған затты, күн мен түнді айыра алатынмын, қазір ол да жоқ", - дейді Әсия.
Ол Көкшетаудағы құрылыс-технология колледжінің үшінші курс студенті. Сәндік қолданбалы өнер мамандығына оқып жатыр. Әсия пүліш жіптен әртүрлі бұйымдар тігеді.
"Көрпелер, жайнамаз, көрпенің тыстары, жамылғылар тігемін. Қазіргі уақытта жайнамазға тапсырысты тігіп жатырмын. Әсіресе жайнамазға тапсырыс көп түседі", - дейді Әсия Балшекеева.
Әсия мүмкіндігім жоқ деп отырмайды. Көз жанары бар талай адамнан оқ бойы озық. Ол спортпен де айналысып, республикалық жарыстарда жүлделі орын алып жүр.
"4 жылдан бері пара жеңіл атлетикамен айналысамын. Өткен жылы 400 метр қашықтықта жүгіруден республикалық жарыстан бірінші орын алдым. 100 метр қашықтықта жүгіруден күміс медаль алдым. Ақмола облысының атынан жарысқа қатысамын. Ал алдыңғы жылы екі күміс медаль алдым", - дейді Әсия.
Әсияның ата-анасы - қарапайым еңбек адамдары. Қазіргі уақытта шебер қызға көмектесіп, жанында сіңілісі жүр. Екеуі жатаханада тұрады. Әсияның арманы - өзіне баспана алу.
Көкшетауда ғаріп қыз спорт және қолөнермен айналысады
Көкшетауда ғаріп қыз спорт және қолөнермен айналысады - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2026
Көкшетауда ғаріп қыз спорт және қолөнермен айналысады
"Маған ең ұнамайтын әдет – ол адамның өзін-өзі аяуы. Көз жанары сау, денсаулығы жақсы талай жанның жұмыс істегісі келмейтінін көргенім бар, таңқалумен боламын", - дейді ол.
Осы бір тілегімді жеткізіңіздерші деген Әсия Sputnik Қазақстан тілшісіне бұйымтай айтты.
"Мен қандай да бір жетістікке жетсем, оған тікелей анамның себебі бар. Ешбір қиындыққа мойымай, тек алға жылжуға, ешнәрседен қорықпауға анам тәрбиеледі. Ол кісі маған "өзіңді өзіңді аяп, түк істемей отырма, жатпай еңбек ет, қиындықпен күрес" деп үйретті. Анама мәңгілік қарыздармын, мен ол кісіні мақтан тұтамын", - дейді көкшетаулық шебер қыз Әсия Балшекеева.
Қиындықпен күресіп, жақсы өмір сүруге ұмтылған бойжеткеннің бос уақыты жоқ. Ол тапсырыс арасында спорттық кешенге барып, үш уақыт жаттығу жасайды.
Жаңалықтар
0