2027 жылы 1 млн қазақстандық сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуМачта базовой станции интернет-компании, архивное фото
Мачта базовой станции интернет-компании, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.03.2026
Жазылу
Мусин "Каспий ТОБЖ" халықаралық жобасы қалай жүріп жатқанын айтып берді
АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. 3 мың шалғай ауылда тұратын бір миллион қазақстандық 2027 жылдың соңына дейін сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы "Қазақтелеком" ұлттық компаниясының басшысы Бағдат Мусин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есебінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Оның айтуынша, бүгінде "Қазақтелеком" 1,75 миллионнан астам үй шаруашылығына қызмет көрсетеді. Компания ел аумағында талшықты-оптикалық желіні жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нарығының негізгі сегменттерінде көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Елді мекендерді байланыспен қамту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. 2027 жылдың соңына дейін 1 миллионнан астам тұрғыны бар 3 мыңнан аса ауылды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған.
"Мемлекет басшысына "Каспий ТОБЖ" халықаралық жобасының жүзеге асырылуы туралы ақпарат берілді. Аталған жоба Ақтау – Сумгаит бағытында суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз қалыптастырмақ", - деп жазылған хабарламада.
Кездесу барысында деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Екібастұз қаласында "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" стратегиялық жобасы аясында қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылатын заманауи орталық құрылуда. Бұл жоба халықаралық технологиялық компанияларды тартуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.
Бағдат Мусиннің айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізуге басымдық беріледі. Корпоративтік процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді әзірлеу, киберқауіпсіздік шешімдерін жетілдіру және мемлекеттік секторды цифрландыру бойынша бірқатар жоба қолға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыспен және интернетпен қамтудың маңызына назар аударды. Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту салаларында инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
Жаңалықтар
0