Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан ер адам тұрғындарды 12 жыл бойы үрейде ұстаған

© Photo : Скриншот видео АФМАФМ проводит обыск у подозреваемого в незаконных кредитных схемах
АФМ проводит обыск у подозреваемого в незаконных кредитных схемах - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.02.2026
Жазылу
Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асты
АЛМАТЫ, 27 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан тұрғынға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Оған күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет ету және алаяқтық фактілері бойынша айып тағылды. Күдікті 2013 жылдан 2025 жылға дейін тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайызға жүйелі түрде қарыз беріп келген.
"Мәмілелерге заңды сипат беру үшін келісімшарттарда нақты берілген сомадан едәуір жоғары сома көрсетілген. Себебі құжатта алдын ала есептелген сыйақы қосылып отырған. Қарыздар бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5–10%-ын құраған, бұл жылдық есеппен 60–120%-ға тең", - дейді агенттік.
Сондай-ақ қарызды жасыру және оның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген.
Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асты. Күдіктінің әрекеттерінен азаматтар зардап шеккен. Жедел қаржылай көмекке үміт артқан олар жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен мүлкінен айырылу қаупіне тап болған", - дейді агенттік.
Күдікті қарыз алушыларды ақша немесе жылжымайтын мүлік беруге мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен.
"Бұдан бөлек, күдікті сот процестерін бастамашылық етіп, 11 млн теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжаттар негізінде екі рет өндіріп алған. Міндеттеменің іс жүзінде орындалғаны туралы мәліметтер сотқа әдейі ұсынылмаған", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды. Олар - 2 пәтер, 2 тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ "LAND ROVER RANGE ROVER" және "HYUNDAI STARIA" автокөліктері. Ал күдікті қамауға алынды.
Жаңалықтар
0