"Әскерден босатып беремін": министрлік қылмыстық жаза жайында ескертті

Армия - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.02.2026
Жазылу
Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы тарапынан қабылданады
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Қорғаныс министрлігі әскерден босатуға уәде беретін жарнамаларға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде "әскерден босата аламын" немесе "ақ билет алып беремін" деген жарнама тарала бастады.
"Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы тарапынан қабылданады. Ал медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері делдалдар үшін де, шақырылушылардың өздері үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", - делінген ресми хабарламада.
Сондықтан әскери комиссариат немесе медициналық комиссия арқылы "мәселені шешіп беруге" уәде беретіндерге сенбеген жөн.

Әскери қызметтің артықшылықтары

Бүгінде мерзімді әскери қызметті атқарып келген жастар жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз бірден грантқа түсе алады. Олар студенттік жатақханадан да бірінші болып орын алады.
"Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға арналған сертификаттар мерзімді әскери қызмет өткерген 9 мыңнан астам қазақстандыққа берілді", - дейді министрлік мамандары.
Сондай-ақ, әскерден кейін екі ай кредиттік каникул беріледі. Осы уақыттың ішінде несиелерді төлемеуге болады.

Әскерге шақыру тәртібі қандай

Мерзімді әскери қызметті атқаруға міндетті адамға алдымен шақыру қағазы жіберіледі. Сол бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келу керек.
Ал медициналық тексеруді жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандары өткізеді. Олар азаматтың әскери қызметке жарамдылық санатын анықтайды. Заңды негіздер болған жағдайда мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату мүмкіндігі беріледі.
18-ден 27 жасқа дейін кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ ер азаматтар әскерге шақырылады. Шақыру жылына екі рет – наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Әскерге қандай жағдайда күштеп әкетеді - министрлік түсініктемесі  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.01.2026
Әскерге қандай жағдайда күштеп әкетеді - министрлік түсініктемесі
Жаңалықтар
0