"Астана – Талдықорған" бағытында жаңа теміржол бағдары іске қосылады

Пассажирский поезд - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.02.2026
Жазылу
АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Көлік министрлігі "Астана – Талдықорған" бағыты бойынша жаңа теміржол қатынасының іске қосылатынын хабарлады.
Жаңа бағытты ашу туралы шешім мәжіліс депутаттарының бастамасымен, Көлік министрлігі және ұлттық тасымалдаушы — "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініші ескеріле отырып қабылданды.
"Аталған бағытты іске қосу Жетісу облысының көлік қолжетімділігін арттыруға, жолаушылар сұранысының өсуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ елорда мен өңірлер арасында жайлы, қауіпсіз және тұрақты теміржол қатынасын қалыптастыруға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.
Бастапқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы тарапынан екі жолаушылар вагоны бөлініп, олар №122/121 "Нұрлы жол – Семей" пойызының құрамында күнара қатынайтын болады.
Ақтоғай станциясында аталған вагондарды №631/632 "Ақтоғай – Талдықорған" пойызына қайта тіркеу көзделген, бұл бүкіл маршрут бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.
Көлік министрлігі бұл формат бастапқы кезең екенін атап өтеді. Тұрақты жолаушылар сұранысы қалыптасқан жағдайда вагондар саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен ұлғайтылады, бұл маршрутты халықтың қажеттіліктеріне икемді түрде бейімдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа теміржол қатынасының ашылуы:
өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға;
тұрғындардың мобильділігін арттыруға;
ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға;
Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Пойыздың қатынауы осы жылдың сәуір айына жоспарланған және Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуына орайластырылады. Жаңартылған вокзал инфрақұрылымы жолаушылар үшін қызмет көрсету, жайлылық және қауіпсіздік деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.
Туристы отправились в путешествие на поездах Jibek Joly и Keruen Express - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.01.2026
"Jibek Joly" туристік пойызы үш елді байланыстырады
Жаңалықтар
0