Тоқаев Пәкістан премьерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды

© Photo : АқордаҚасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2026
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан президенті бұл сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, мұның символдық мәніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты.
Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.
"Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан", - деп жазылған хабарламада.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ бүгінгі уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың алдағы қадамдарын айқындау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде атап өтілгендей, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.
Шахбаз Шариф Қазақстан президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды.
"Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын", – деді премьер-министр.
Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті.
Жаңалықтар
0