"Унитаздан шығып жатыр": Қаскелеңде кәріз суы проблемасы ушығып тұр

© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
Қарасай ауданында кәріз суын төгетін орын жоқ
АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Алматы облысының Қарасай ауданында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер кәріз суы проблемасына тап болған. Тұрғындардың базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.

Қаскелеңде кәріз суы проблемасы ушығып тұр
© Sputnik / Айдана Дайырова
Тұрғындардың кәріз суының проблемасын айтып шулағанына бір жарым ай болды. Бірақ мәселе шешілер емес. Бүгін аудан тұрғындары мен ассенизатор көлігінің жүргізушілері аудандық әкімдікке жиналды.
"Мен көпбалалы анамын. Айына 40 мың теңгеге кәріз суын сорғызатын шамам жоқ. Менің үйім сазды жерде орналасқан, айына екі рет су шығаруға тура келеді. Кәріз суын алысқа төгетін етіп тастады. Қазір лас суды шелекпен әжетханадан шығарып жатырмын. Лас су үйде унитаздан сыртқа шығып жатыр. Өзім балалардың төлемақысымен күн көріп отырмын", - дейді Қаскелең тұрғыны Әсем Өтемұратова.
Бұл проблема ассенизатор жүргізушілерін де мезі еткен.
"Қарасай ауданында кәріз суын төгетін орын жоқ. Әкімдік орын тауып береміз деумен келеді, бірақ бұл құр сөз ғана. Бізге 30 шақырым жерге апарып төгіңдер дейді. Олай істейік десек, халықтың қалтасы көтермейді. Мысалы бұрын 15 мыңға қызмет көрсетсек, қазір баға 30-40 мың теңгеге дейін көтеріледі. Халықты бір уақыт ойлау керек қой", - дейді ассенизатор көлігінің жүргізушісі Аслан Жұмантаев.

Қаскелеңде кәріз суы проблемасы ушығып тұр
© Sputnik / Айдана Дайырова
Ауылдардағы жеке тұрғын үйлер тұрмақ, Қаскелеңнің әлеуметтік нысандарының өзінде кәріз суы шығарылмай жатыр, дейді олар.
"Қаскелеңде 65 мектеп бар, соның бес-алтауының ғана суы орталық кәріз суына құйылады. Қалған мектеп, балабақша, монша, автокөлік жуатын орындардың лас суын осы ассенизаторлар тасиды. Жайлы мектептің де кәріз суларын біз шығарамыз. Қазір олардың лас суы сыртқа жайылып, жанжал болып жатыр. Қаскелең боққа батып жатыр", - дейді шағым айтушылар.
Аудан әкімдігі жағдайды біліп отыр.
"Қарасай ауданы тығыз, 20 км жерде ғана орналасқан. Қазіргі уақытта біздің ауданның аумағында нақты рұқсат берілген орын жоқ. Қай елді мекенге апарсаңыздар да ешкім көнбейді. Ресми түрде ашылады деп айта алмаймын. Уақытша Бұрындай жаққа апаруға тура келеді. Бірақ бағаны екі, үш есе көтеру дұрыс емес", - дейді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары.
Әкімдік егер ассенизаторлар бағаны көтерсе, қосымша фирмалардың қызметіне жүгінуге мәжбүрміз дейді. Алайда орынбасардың бұл уәжі тұрғындардың ашуын тудырды.
"Бұл проблема 2020 жылдан бері келе жатыр, енді 2-3 айда қалай шешіледі? Үш айға жақын маңнан ашып берсін, алысқа апарсақ, әлбетте ол баға көтеріледі", - дейді ассенизатор жүргізушілері.
Әкімдік кәріз суын ат арытып алысқа төгіңдер, бірақ бағаны көтермеңдер дейді. Алайда жүргізушілер баға міндетті түрде көтеріледі деді. Әкімдік пен шағымданушылар бір келісімге келмеді.

Қаскелеңде кәріз суы проблемасы ушығып тұр
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Қосымша орынға келіспесеңіздер, ассенизаторлармен нақты келісімшартқа отырамыз. Сол құжаттағы бағамен келіспесеңіздер, кәріз суын шығаратын қосымша фирмалар шақырамыз. Мен сіздермен күндіз-түні жігітше сөйлесіп отырмын, өздеріңіз келіспей отырсыздар", - дейді әкім орынбасары.
Қысқасы Қарасай ауданының кәріз суының проблемасы шешілмеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарасай ауданы Әйтей ауылының тұрғындары ереуілдеткен болатын. Өйткені ол маңдағы кәріз суын төгетін заңды орынның маңына ауыл салынып кеткен.
