Қазақстанның Халық кеңесі немен айналысады

Ержан Жиенбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.01.2026
Жазылу
Халық кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылады
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ержан Жиенбаев Халық кеңесінің негізгі міндеттерін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Халық кеңесі халықтың мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Конституцияда оған жеке бөлім арналады.
"Біріншіден, Халық кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет. Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту керек", - деді Жиенбаев Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында.
Халық кеңесіне бірнеше бағыт бойынша ұсыныс әзірлеу өкілеттіліктері беріледі. Олар:
ішкі саясатының негізгі бағыттары;
қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайту;
мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету.
Сонымен қатар Халық кеңесі заң шығаруға бастамашылық ете алады. Бұны да Конституцияға енгізеді. Ал Халық кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия болады.
"Осылайша, Халық кеңесі Қазақстан Халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды", - деп атап өтті президенттің кеңесшісі.
Жаңалықтар
0