Парламенттік реформа: депутаттыққа үміткерлерге қатысты талап өзгере ме

© Sputnik / Болат Шайхинов
Жазылу
Жұмыс тобы қазіргі мәжіліс депутаттарына қойылатын талап сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин парламенттік реформа аясында депутаттыққа үміткерге қойылатын талапты өзгерту мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жұмыс тобында осы мәселеге қатысты түрлі пікір болды. Біреулер қазіргі талапты сол күйі қалдырайық, енді біреулер талапты барынша қатаңдату қажет деп айтқан.
"Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі мәжіліс депутаттарына қойылатын талап Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді", - деді Карин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында.
Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талап конституциялық заңда айқындалуы мүмкін. Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі талқыланған.
"Бұл мәселе де жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді", - деп атап өтті комиссия төрағасының орынбасары.
Ал парламент болмаған кезде заң шығару функциясы президентке жүктеледі.