Тоқаев құрылтайдың соңғы отырысын өткізді: саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталды

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Енді Қазақстанның халық кеңесі жоғары консультативтік орган дәрежесіне ие болады
АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада ұлттық құрылтайдың 5-ші әрі соңғы отырысын өткізді. Осы диалог алаңы мен Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи миссиясы аяқталды. Оның орнына жаңа орган – Қазақстанның Халық кеңесі құрылады. Бұл мемлекеттік органға барлық аймақтың өкілі кіреді. Ал бір палаталы парламент "Құрылтай" деп аталады. Sputnik Қазақстан ұлттық құрылтайда айтылған негізгі бастамаларды назарларыңызға ұсынады.
Реформалар мен руханият
Президент бүгінгі баядамасын мемлекеттік саясаттың басты бағдарынан бастады. Ол – мәдениет пен өнер.
"Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады", - деді Тоқаев.
Атап айтқанда, Алматы, Абай, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкентте жаңа театрлар салынады. Ал Қызылордада театрмен бірге заманауи кітапхана бой көтереді. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.
Бір палаталы парламент қандай болады
Бүгін парламенттік реформа бойынша жұмыс тобының ұсыныстары да жарияланды. Парламенттің атауы да өзгереді. Негізгі бастамалар:
бір палаталы парламентті "Құрылтай" деп атау;
депутаттардың саны - 145 адам;
төрағаның үш орынбасары;
құрылымын 8 комитеттен асырмау;
бір палаталы парламенттің келісімімен конституциялық сот, жоғары аудитордық палата мен сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау;
президенттің ұсынысымен жоғарғы сот судьяларын сайлау.
Бір палаталы парламент мүшелері пропорционалды жүйемен, яғни, партиялық тізіммен сайланады. Әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота сақталады. Ал президент квотасы немесе Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы болмайды. Себебі ассамблеяның жұмысы тоқтатылады. Оның орнына Қазақстанның Халық кеңесі құрылады.
Халық кеңесі қалай жұмыс істейді
Президентің айтуынша, Халық кеңесі жаңа мемлекеттік орган болады. Оған барлық этнос, халық топтары мен аймақтар кіреді.
"Қазақстанның халық кеңесі жоғары консультативтік орган дәрежесіне ие болады. Ал кеңестің құрамын 126 адамнан жасақтау ұсынылып отыр", - дейді Тоқаев.
Халық кеңесінің құрамы:
этно-мәдени бірлестіктерден - 42 адам;
ірі қоғамдық ұйымдардан - 42 адам;
мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден - 42 адам.
Халық кеңесінің мүшелерін президент тағайындайды. Олар өз кезегінде кеңес төрағасын сайлайды. Төрағаның екі орынбасары болады.
"Халық кеңесі заңнамалық бастамаларды көтеру құқығына ие болуы керек. Бұл - маңызды мәселе. Әрине, ондай құзірет кеңестің мәртебесін күшейтеді", - деді президент.
Халық кеңесі ұлтаралық келісім мәселелеріне де жауап береді.
Қазақстанда вице-президент болады
Тоқаев бұл бастаманы бірнеше жыл бойы жасалып жатқан саяси конструкцияны түйіндейтін өзгеріс деп отыр.
"Вице-президентті парламенттің келісімімен президент тағайындайды. Оның құзіретін де мемлекет басшысы айқындайды", - деп атап өтті Тоқаев.
Вице-президент халықаралық форумдар мен келіссөздерде Қазақстанның атынан, ал парламентте президенттің атынан қатысып, мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын орындайды.
Осыған байланысты Ақордада мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Бұдан бөлек, президент әкімшілігінің құрылымы да қажеттілігіне қарай өзгертіледі.
Референдумға жаңа Конституция шығарылады
Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспары болған. Бірақ жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. Себебі Халық кеңесі мен вице-президент лаузымы да конституциялық заңмен бекітілуі шарт.
"2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым", - дейді Тоқаев.
Референдумға шығарылатын Ата заңымыз осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлдем басқа. Тоқаевтың айтуынша, осы бастамалар халық тарапынан қолдау тапқан жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек.
Президент тапсырмалары
Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында президент бірнеше маңызды тапсырма берді. Олар:
Курчатовта электрстанцияны уақытында іске қосу;
Екібастұзда ГРЭС-3 құрылысын бастау;
Сарыағаш айналма жолының құрылысына кірісу;
Қарағанды – Жезқазған жолын кеңейту;
Салық кодексіне конструктивті ұсыныстардың негізінде өзгеріс енгізу.
Бұдан бөлек, биыл "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" тас жолының Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігінде төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады.