Теміртаудағы екі шағын ауданның тұрғындары 30 градус аязда жылусыз қалды

Теміртау - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.01.2026
Жазылу
Қала әкімдігі әлеуметтік желіде тоңып отырған тұрғындар туралы ақпаратқа жауап берді
АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желіде Теміртау тұрғындары тоңып отырғаны туралы ақпарат тарады.
13 қаңтар күні кешке екі шағынауданды жылумен қамтамасыз ететін магистральды жылу құбырында болған апат салдарынан 40 көпқабатты үй мен ондаған жеке тұрғын үй жылусыз қалды, деп хабарлады жергілікті БАҚ.
Интернеттегі ақпартқа қала әкімі Ғалым Әшімов жауап берді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жылусыз қалған 8-шағын ауданның тұрғындарына бейнеүндеу жасады.

"1970 жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген құбырдың ескі учаскесі зақымданғаны анықталды. Зақымданған орын табылды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр, барлық қажетті күш пен техника жұмылдырылды", – деді Теміртау әкімі.

Әшімовтің айтуынша, ақауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ол жөндеу жұмыстарының барысы туралы қосымша ақпарат беріп отыруға уәде етті.
Айта кетері, Қарағанды облысында ауа температурасының -30 градусқа дейін күрт төмендеуіне байланысты дабылды ескерту жарияланған болатын.
Жаңалықтар
0