Жанармай күрт қымбаттамайды – Энергетика министрлігі

© Photo : Пресс-служба Qazaq oilАвтозаправочная станция, топливные "пистолеты"
Автозаправочная станция, топливные пистолеты  - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.01.2026
Жазылу
Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу жұмыстары біртіндеп жүзеге асырылады
АСТАНА, 12 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желіде Қазақстанда бензин бағасы көтерілетіні туралы қауесет тарады. Энергетика министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, АИ-92 бензинінің бағасын көтеруге енгізілген мораторий әлі күшінде екенін хабарлады.
Министрдің кеңесшісі – ресми өкіл Әсел Серікпаеваның айтуынша, бұл шара инфляцияны тежеу мақсатында енгізілген.
"Жанармай бағасы күрт қымбаттайды деп болжанып отырған жоқ, жағдай мемлекеттің бақылауында. 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру мәселесіне келсек, бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мұнда әңгіме заңнамаларды үйлестіру туралы болып отыр, басқа елдермен бағаны бірден әрі автоматты түрде теңестіру көзделмейді", - деді ол.
Әсел Серікпаева кез келген интеграциялық процестер барысында Қазақстанның ұлттық мүдделері мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына басты басымдық берілетінін атап өтті.
"Сонымен қатар, объективті нарықтық факторларды елеусіз қалдыруға болмайды. Көршілес мемлекеттермен баға айырмашылығының үлкен болуы арзан отынның заңсыз түрде сыртқа шығарылуына, яғни "сұр экспортқа" жол ашады. Бұл ішкі нарықта жасанды тапшылық қаупін тудырады", - деп түсіндірді ол.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, қазіргі төмен бағалар инвестиция тарту мүмкіндіктерін шектеп отыр, ал Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге, сондай-ақ төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қомақты қаражат қажет.
"Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу жұмыстары біртіндеп жүзеге асырылады. Барлық шешім нақты экономикалық жағдай мен халықтың табыс деңгейі ескеріле отырып қабылданады", - деп түйіндеді ведомствоның ресми өкілі.
Жаңалықтар
0