Алматы мектептері тегін BilimClass электронды журналына көшіп жатыр

Платформа BilimClass - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.01.2026
Жазылу
АЛМАТЫ, 8 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласының білім басқармасы мектептерді Қазақстанда әзірленген BilimClass электронды журналына көшіріп жатыр, деп хабарлайды ведомство.
Қала мектептері жаңа жүйеге 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанында өтеді.
"Бұл — толықтай қазақстандық әзірлеме: тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері Қазақстан аумағында орналасқан. Жүйе пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығына кепілдік береді және ел заңнамасын қатаң сақтайды", - дейді білім басқармасы.
Бұған дейін мегаполистегі 15 мектепте платформаны кешенді талдау және пилоттық апробациялау жұмысы жүргізілді. Олардың нәтижелері BilimClass жүйесінің барлық талапқа сай екенін көрсетті. Көшу алдында мұғалімдер платформамен жұмыс істеуге тегін оқытылды, ал қолдау қызметі мектептерге тұрақты түрде сүйемелдеу көрсетіп, туындаған сұрақтарға жедел жауап береді.
"BilimClass — бұл электронды журнал ғана емес, сонымен қатар мектепті әкімшілендіру жүйесін, оқу контентін, әдістемелік талдау мен аналитиканы қамтитын кешенді платформа", - дейді басқарма.
Қазіргі таңда BilimClass-ты Қазақстанның 11 өңірінде 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім пайдаланады. Атап айтқанда: Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында.
Платформаны Қазақстандағы жетекші IT-холдинг Bilim Group іске асырады. Холдинг құрамына BilimLand, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz, SmartNation сияқты жобалар кіреді.
Ата-аналар мен оқушылар BilimClass тегін мобильді қосымшасын пайдаланып, сабақ кестесі, қатысуы, үлгерімі және үй тапсырмалары туралы толық ақпарат алады.
Педагогтер үшін платформада күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан сабақ өткізу мүмкіндігі, өз сабақтарын қосу, интерактивті тапсырмалар, БЖБ/ТЖБ каталогы, чат және оқушылармен кері байланыс құралдары қарастырылған.
BilimClass жүйесіне көшу оқу үдерісіне әсер етпеуі үшін арнайы қысқы демалыс кезеңіне жоспарланды. Осы уақыт ішінде мұғалімдер платформамен жұмыс істеуге дайындықтан өтті.
Жаңалықтар
0