Бір жылда 58 рет шабуыл жасалған: президент дәрігерлерді қорғайтын заңға қол қойды
12:48 03.01.2026 (жаңартылды: 12:52 03.01.2026)
Жазылу
Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізіліп отыр
АЛМАТЫ, 3 қаңтар - Sputnik. Президент медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды күшейтетін заңға қол қойды.
Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққандарға қылмыстық жауаптылықты күшейткен жаңа бап енгізілді.
Сонымен қандай жаза күтіп тұр:
зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жетіледі. Немесе 300 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді;
ауырлататын мән-жайлар кезінде көрсетілген әрекеттерді жасаған кезде жаза қатаңдатылады және 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе шектеледі;
өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылықты қолданған кезде 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жетіледі. Не болмаса 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар не 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Жазаның тағы бір түрі бас бостандығынан айыру;
өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық жасалса 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын жағдайлар болған кезде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне 280 рет шабуыл жасалған. Тек былтыр бір жылда осындай 58 факт тіркелді.

