Жаңа Салық кодексі күшіне енді – негізгі өзгерістер

© Sputnik / Болат ШайхиновНалоговый кодекс РК
Налоговый кодекс РК - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.01.2026
Жазылу
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда 2026 жылдың бірінші қаңтарынан жаңа Салық кодексі күшіне енді. Былтыр бір жыл бойы талқыланған құжатта бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылып отыр. Атап айтқанда, қосылған құн салығы 16 процентке көтеріледі. Байлыққа да салық салынады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар үшін жаңа салық режимі енгізіледі. Sputnik Қазақстанға сұхбат берген салық саласының сарапшысы Дмитрий Казанцев кодекстің негізгі жаңалығын және проблемасын айтып берді.

Жағымды жаңалық қандай?

Салық кодексі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдар үшін салық салудың жаңа режимі енгізіліп отыр. Сарапшының айтуынша, бұл – реформаның негізгі әрі жағымды жаңалығы.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамға "ИП" ашудың қажеті жоқ, салық есептерін де тапсырмайды. Осылайша, тіркелу кезінде бюрократия да болмайды. е-Salyq Business немесе е-Salyq Azamat қосымшасын жүктеу ғана керек. Сонда "өзін-өзін жұмыспен қамтушы" деген бөлім бар. Соған кіргеннен кейін чектерді өткізуге болады. Ақшаны аласың, чекті шығарасың, болды", - дейді Казанцев.
Осы салық режимі бойынша табыстың шекті деңгейі бар. 1,3 млн теңгеге дейін 4 проценттік салық қана болады.
"4 процентке тек әлеуметтік салықтар кіреді. Соның ішінде зейнетақы төлемдері, медициналық сақтандыру және тағысын тағы. Былайша айтқанда, бұл салықпен адам медициналық тұрғыда қорғалады. Сосын зейнетақысы аздап болса да жиналады", - деп атап көрсетті сарапшы.
Жаңа салық режимінде 46 қызмет түрі бар. Атап айтқанда, такси, логистика, желілік маркетинг, наубайхана және тағы басқа жалдамалы жұмысшылары жоқ қызметтерге салықтық жеңілдік жасалады.

Жеңілдетілген декларация қалай өзгерді

Салық салудың тағы бір режимі – жеңілдетілген декларация. Бұл жүйе бұрын да болған. Бірақ биылдан бастап оны бөлшек салық режимімен біріктіріп, біршама өзгеріс енгізген. Осылайша, жеңілдетілген салық режимі жаңа тәртіппен жұмыс істейді.
"Бұл жерде жылдық табыс 2,5 млрд теңгеге дейін болса, салықтың бірыңғай мөлшерлемесі – 4 процент қолданылады. Бұл – базалық ставка. Бірақ жергілікті билік оны төмендете алады. Мәселен, Алматы – 3 процент, Астана – 3 процент, Шымкент пен Қарағанды 2 проценттік мөлшерлемені бекітті. Осылайша, әрбір қала өзі анықтайды. Себебі бұл салық жергілікті бюджетке түседі", - дейді Казанцев.
Осы режиммен істейтін кәсіпкерлер қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатылады. Жұмысшылардың саны жағынан да шектеу жоқ.
"Дегенмен, жергілікті билікте салықты көтеруге де құқығы бар. Олар кез келген уақытта 4 процентті 5-ке, я болмаса, 6-ға дейін арттыруы мүмкін. Меніңше, бұны алдағы уақытта Салық кодексіне өзгеріс енгізбеу үшін жасап отыр. Әкімдік шешім шығара салады, болды", - деп атап көрсетті сарапшы.

Салық реформасы кімдер үшін тиімсіз

Бұдан бөлек, шаруа қожалықтары үшін жеңілдетілген салық режимі енгізіліп отыр. Қалғаны жалпыға бірдей режимде жұмыс істейді. Олар үшін қосылған құн салығы 16 процентке дейін көтерілді. Оған қоса, жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет алса да, салық шегерілмейді, сол күйінде төленуі керек.
"Былайша айтқанда, кез келген компания "ИП"-мен жұмыс істесе де, бәрібір 16 проценттік қосылған құн салығын және 20 процент көлемінде корпоративтік табыс салығын төлейді. Осылайша, жалпы 36 проценттік салықты төлеуге тура келеді", - дейді Казанцев.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде ондай компаниялар өз контрагенттеріне жалпыға бірдей режимге ауысуға ұсыныс жасап, хат тарата бастады. Олай істемесе, жұмыс істей алмаймыз дейді.

"Біздің есебімізге сәйкес, 2026 жылы шамамен 300-400 мың "ИП" жалпыға бірдей режимге ауысайын деп отыр. Енді ондай кәсіпкерлер 3 проценттің орнына 26 процент, атап айтқанда, 16 проценттік қосылған құн салығын және 10 процент көлемінде корпоративтік табыс салығын төлейді. Бухгалтерді де жалдау қажет", - дейді Казанцев.

Сарапшының болжамына сәйкес, кәсіпкерлер өз шығындарын бағаны көтеру арқылы қайтаруға тырысады. Былтыр бағалар өсті, биыл тағы көтеріледі.
"Әрине, кәсіпкерлердің көбісі бағаларды алдын ала көтеруге кірісті. Себебі қаңтар айында бірден 30 процентке өсіре алмайды, сондықтан біртіндеп көтеріп жатыр. Осы үрдіс қаңтар-ақпан айларында жалғасады", - деді салық сарапшысы.
Салық кодекс аясында болатын негізгі өзгерістер:
қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі - 16 пайыз;
қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі;
дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді (2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз);
бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады;
пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік салығы төмендетілді;
мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Ал байлық салығы кәсіпкерлерге емес, тек жеке тұлғаларға салынады.
Деньги, калькулятор. Иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.09.2025
Байлық салығы кәсіпкерлерге салынбайды – салықшылар
Жаңалықтар
0