Қазақстан Олимпиадаға қанша спортшы жібереді

Михаил Шайдоров - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.12.2025
Жазылу
Қазақстандықтар спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы үшін жарыс жолына шығады
АСТАНА, 30 желтоқсан – Sputnik. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына баратын спортшылардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қысқы Олимпиада Италияның екі қаласы - Милан және Кортина-Д'Ампеццода 6-22 ақпан аралығында өтеді. Оған 93 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған.
Қазақстандықтар спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы үшін жарыс жолына шығады. Соның ішінже биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
"Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған",-деді Мырзабосынов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиясы бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды.
Айта кетері, Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Миланда, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында өтеді. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы жарыстары өтеді.
Жаңалықтар
0