Тоқаевтың Жапонияға сапары аясында 3,7 млрд доллардан асатын құжаттарға қол қойылды
10:04 20.12.2025 (жаңартылды: 10:45 20.12.2025)

© Photo : Ақорда
Жазылу
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Жапония" диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға дайын екенін айтты. Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.
"Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет. Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты.
"Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз. "Орталық Азия – Жапония" форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады.
"Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз", - деді президент.
Оның айтуынша Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршаға пайдалы болмақ.