Қазақстан мен Иран тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізуге келісті

© Photo : АқордаҚасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.12.2025
Жазылу
Соңғы 20 жылда Иран Ислам Республикасы Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент екі ел арасындағы сауда-саттық 340 миллион доллардан асқанын, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деп болжанып отырғанын атап өтті.
"Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтып, ең алдымен, 1 миллиард долларға, содан кейін екінші кезеңде 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция саласындағы байланысымыз күшейіп келеді. Соңғы 20 жылда Иран Ислам Республикасы Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елдің ықпалдастығын дамытуға тың серпін беретін салаларға тоқталды. Соның ішінде көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты нығайту өте өзекті.
"Біз Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірәбад, Анзали порттарымен байланыстыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Чабахар порттарымен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Қазақстан үшін Орталық Азияны Парсы шығанағымен жалғайтын мультимодальді дәліздерді дамыту маңызды. Осы ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдар арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды.
"Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетті. Ал биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 миллион долларға жуықтады. Біз ауыл шаруашылығына инвестиция салатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Қазіргі таңда бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр", – деді мемлекет басшысы.
Президент Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалуға баса мән берді.
"Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бәрімізді алаңдатып отырған мәселені шешу – бес елдің ортақ міндеті. Бұл іске халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын тартқан жөн. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Осы орайда, Каспийдің суын сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдап, бірлесіп әрекет етуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті.
"Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырмыз. Менің Жарлығыммен Алатауға даму қарқыны озық қала мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Біз осы бағытта Иран компанияларымен тығыз байланыс орнатамыз деп сенеміз", – деді президент.
Жаңалықтар
0