"Қазақтың Роббин Гуды" сотталды: блогер Ілияс Сариевке сот үкімі шықты

© Sputnik / Айсулу ЖумагуловаСот орындығы
Сот орындығы - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.12.2025
Жазылу
Блогер мен серіктесіне алданған 20 адамның жалпы шығыны шамамен 35 млн теңге
АСТАНА, 4 желтоқсан - Sputnik. "Роббин Гуд" лақап есімімен танымал блогер Ілияс Сариевке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматылық блогер Ілияс Сариев пен серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты іске нүкте қойылды. Екеуінен 20 адам Меккеге жолдама аламыз деп, 6 адам қайырымдылық көріп, баспаналы боламыз деп зардап шеккендерін айтып сотқа жүгінген. Екі сотталушы да қолды болған ақшаны кім алғанын айтып, сот процестерінде бірін-бірі кінәлаумен болған. Бұған дейінгі сот отырыстарында "Роббин Гуд" лақап атымен танымал болған Ілияс Сариев кінәсінің жоғын айтумен болған еді.

"Мен Сариев Ілияс Серікбайұлы Атырау қаласының тумасымын. Үйленгенмін, қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған 5 балам бар. Алматы қаласына 2020 жылдың аяғында келдім. Содан бері ел алдында жүрмін. 2021 жылдан бастап блогерлікпен айналысамын. Осы уақытқа дейін қоғамға зиян тигіздім деп айта алмаймын. Халықтың алдында жүрмін, қанша істе халықпен бірге болдым. Өз ісімді блогерліктен бастаған болатынмын. Халықтың қолдауына ие болып, ел арасында танымалмын. Көптеген компанияны жарнамаладым", – деген болатын.

Ол өзіне арызданған 6 жәбірленушіге қатысты эпизодтарды мойындады. Айтуынша, жәбірленушілер одан көмек сұрап жүгінген. Алайда қамауға алынғандықтан көмектесіп үлгермедім дейді.
"MM Travel" туристік фирмасына қатысты тағылған айыпқа жауап берген Сариев компанияның 2023 жылы ашылғанын айтады. Сонымен қатар туристік фирмаға түскен ақшаға өзінің жауапты емес екенін, ол қаражаттың қайда кеткенін білмеймін деген. Ал компания Сариевтің серіктесі - Ақтоты Дүйсееваға тиесілі.
Сотталушылардың тарапынан кейбір жәбірленушінің кредиттері төленіп, аударымдар жасалған. Блогер мен серіктесіне алданған 20 адамның жалпы шығыны шамамен 35 млн теңге.
Бүгін Сариев пен Дүйсееваға сот үкімі шықты.
Ілияс Сариев 3 жыл 8 айға, Ақтоты Дүйсееваны 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ақтоты Дүйсееваның кәмелет жасына толмаған баласының болуына байланысты жазасын өтеу уақыты кейінге шегерілді. Ол сот залынан босатылды.
Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы ("Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық") бойынша айып тағылған. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.
Наручники, зал суда - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.11.2025
Атыраулық блогер кәсіпкерден 30 млн теңге бопсалады деген күдікке ілінді
Жаңалықтар
0