Қазақстан мен Түрікменстан арасында тасымал көлемі он айда 14 пайыз ұлғайды – Тоқаев

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаГосвизит президента Туркменистана Сердара Бердымухамедова в Казахстан
Госвизит президента Туркменистана Сердара Бердымухамедова  в Казахстан - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.11.2025
Жазылу
Елдер арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады
АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Биыл он айда Қазақстан мен Түрікменстан арасында тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің айтуынша, Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.
"Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік", – деді Тоқаев.
Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.
"Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.11.2025
Қазақстан мен Түрікменстанды достық пен ортақ тарих біріктіреді - Тоқаев
Жаңалықтар
0