"Айка тізімін" ұйымдастырған блогер мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

© PhotoҚолкісен
Қолкісен - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.11.2025
Жазылу
Жазаның өтелмеген бөлігін орындау екі жылға кейінге қалдырылды
АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Абай облысының Жарма аудандық соты жеңгетай ретінде танымал болған блогердің ісін қарады. Ол сотқа жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы өтініш жасаған, деп хабарлайды Абай облыстық соты.
Ол былтыр 21 мамырдағы сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-тармағы, 309-бабының 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің ережелерін қолдана отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Мүлкі тәркіленіп, жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жүрген.

"Жазаның заңда көзделген бөлігін өтегеннен кейін сотталған адам жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтінішхатпен жүгінді. Ол Жарма аудандық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен қанағаттандырусыз қалдырылды", - дейді облыстық соттағылар.

Қылмыстық Кодекстің 74-бабы заңды күшіне енген өзгерістерге байланысты Мырзахметованың адвокаты жазаны кейінге қалдыру туралы өтінішпен жүгінген.
"Сот Мырзахметованың 2020 жылы туған кәмелетке толмаған баласы барын, түзеу мекемесіндегі оң тәртібін, бір ынталандыруы мен бір жазасы бар екенін ескерді. Атқарушылық құжаттар бойынша берешегі жоқ екенін анықтап, өз қаулысымен үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішхатты қанағаттандырды", - дейді ведомстводағылар.
Соттың мәліметінше, кәмелетке толмаған баласы бар сотталған әйелге жазасын кейін өтеу заңда қарастырылған.
Баланың мүдделерін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, сот жазаның орындалуын кейінге қалдыру қажеттілігі туралы қорытындыға келді.

"Жазаның өтелмеген бөлігін орындау екі жылға кейінге қалдырылды. Сотталғанның мінез-құлқын бақылау оның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелген", - деп хабарлады Абай облыстық соты.

Еске сала кетейік, блогер психотроптық затты аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алды, сақтады және тасымалдады деп айыпталды. Іс Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында қаралды.
2023 жылдың соңында желіде "Айка" ретінде танымал болған блогердің эскорт қызметін ұйымдастырғаны және қызмет көрсеткен клиенттердің жеке мәліметтері бар құжаттар жарияланды.
Оның тергеу барысында сыбайласымен бірге 2020 жылдан 2023 жылға дейін қыздардың клиенттермен кездесуін ұйымдастырып, содан пайыз алып отырғаны анықталды.
Кейбір мәліметтер бойынша, эскорт қыздардың қызметтерін пайдаланғандар тізімінде әртістер, спортшылар, мұнайшылар, жоғары оқу орындарының басшылары, олигархтардың ұлдары және шенеуніктер болған.
Туфли на каблуках - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.07.2023
Алматыда сауықтыру массаж орны интимдік қызмет көрсеткен
Жаңалықтар
0