"Алға, Қазақстан!": Тоқаев ұлттық ұран мен нышанды бекітті

© Официальный сайт Президента КазахстанаҰлытау облысындағы құрылтай
Ұлытау облысындағы құрылтай - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.11.2025
Жазылу
Ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіруді мақсат тұтатын құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған
АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан барлық жұмысты реттейтін бірыңғай тұжырымдамалық құжат әзірлеуді ұсынған еді. Президент бұл идеяны қолдап, оның мемлекеттік құрылымдар жұмысын жүйелендіруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
Президент әкімшілігі мен мүдделі мемлекеттік органдар мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларын, сөйлеген сөздерін, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын негізге ала отырып, "Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары" құжатын дайындады.
Тұжырымдамалық құжатты әзірлеуге Ұлттық құрылтайдың мүшелері, сарапшылар, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсене атсалысты.
Аталған құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіру.
Құжатта мынандай ішкі саясат қағидаттары қамтылған:
"Заң және тәртіп";
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет";
"Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт";
"Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет";
"Адал азамат";
"Таза Қазақстан".
Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтардың тізбесі енгізілді. Жалпыұлттық бірегейлікті танытатын ұлттық нышандар жүйесі жасалды.
Құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған. Қабылданған тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын ұйымдастыруға негіз болады.
Ресми түрде ұлттық нышандар бекітілді
Құжатта айтылғандай, елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімін жасау – әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.
Осы мақсатта жалпыұлттық нышандардың мынадай тізімі айқындалады:
ұлттық ұран – "Алға, Қазақстан!";
ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс;
ұлттық кітап нышаны – Абайдың "Қара сөздері";
ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;
ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;
ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;
отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – "Қазақстанда жасалған", "Made in Qazaqstan";
ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan.
Жалпыұлттық нышандардың осы тізімі елдің бірыңғай нышандар жүйесін және брендін қалыптастырады.
Касым-Жомарт Токаев провел встречу с Раисом Республики Татарстан Рустамом Миннихановым - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.10.2025
Тоқаев Татарстанның Қазақстандағы барлық бастамасын қолдайтынын мәлімдеді
Жаңалықтар
0