Астана мен Минск ынтымақтастық туралы жол картасына қол қойды

© Photo : Пресс-служба правительства Казахстана
Жазылу
Құжат 2026–2028 жылдарға арналған
АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь премьер-министрі Александр Турчин сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь премьер-министрі Александр Турчин кездесті
© Photo : Пресс-служба правительства Казахстана
Екіжақты тауар айналымын ұлғайту, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық индустрия және ЖИ саласындағы, сондай-ақ көлік және логистика, денсаулық сақтау, туризм сияқты тағы да басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жоспарлар қаралды.
"Қазақстан Үкіметі сауда-экономикалық және басқа да қарым-қатынастарымыздың қарқынды өзара тиімді негізде дамуы үшін бар күш-жігерін салуға дайын", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Тараптар өнеркәсіп кооперациясын одан әрі дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Цифрлық салада ЖИ элементтерін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға басымдық беріліп отыр.
Ауыл шаруашылығында АӨК өнімдерін қайта өңдеу және өндіру жобаларына баса назар аударылмақ. Саланың тиімділігін арттыру үшін аграрлық ғылымдағы ынтымақтастыққа аса мән беріледі. Қазақстандық диқандар биыл ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім жинады, мұндай көрсеткішке олар бір жағы агротехнологияларды қолдану нәтижесінде қол жеткізе алды.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь премьер-министрі Александр Турчин кездесті
© Photo : Пресс-служба правительства Казахстана
Кездесуге қатысушылар көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Салалық ведомстволардың үйлесімді жұмысы екі мемлекет арасындағы теміржол және автомобиль тасымалдарын үздіксіз қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жаңа экспорттық нарықтарға шығу үшін көлік дәліздерін дамытуда зор әлеует бар.
Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелері де талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь премьер-министрлерінің қатысуымен екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды:
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрлігі арасындағы өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жол картасы;
Астана қаласының әкімдігі мен Минск қалалық атқару комитеті арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы жол картасы;
Алматы облысының әкімдігі мен Витебск облыстық атқару комитеті арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы меморандум.