Тарихи-мәдени мұраны қорғау заңына өзгеріс енгізілді

© Sputnik / Владислав ВодневМәжіліс залы
Мәжіліс залы - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2025
Жазылу
Заң аясында жергілікті тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекцияларының құзіреті күшейтіледі
АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттарының бастамасымен тарихи-мәдени мұраны қорғау туралы заңына өзгеріс енгізілді. Бүгін заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Лицензия беру тәртібі өзгереді

Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, алдымен археологиялық және реставрациялық жұмыстарға лицензия беру тәртібі өзгереді. Әйтпесе, бүгінде ондай құжаттардың мерзімі белгіленбеген. Оған қоса, нақты сала көрсетілмейді.
"Біз әділ лицензиялау жүйесін енгіземіз. Енді екі бөлек лицензия болады – археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі", - деді Аймағамбетов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Ал заң талаптары бұзылса, лицензияны 6 айға дейін тоқтату немесе қайтарып алу шарасы қолданылады.

Мемлекеттік қор болады

Заң жобасы аясында археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін де енгізу қарастырылған. Сол жерде қазба жұмыстарының есебі жарияланады.
Сондай-ақ, археологиялық материалдардың Мемлекеттік қоры жасақталады. Музейлік құндылығы бар жеке жәдігерлер музейге берілсе, жаппай жәдігерлер мен табылған материалдар депозитарийде сақталады.
Ал қазбадан кейін жерді қалпына келтіру, яғни консервация-рекультивация жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар нақтыланады.
Бұдан былай археологиялық жұмыстардың екі түрі болады. Олар:
жоспарлы – ғылыми зерттеу үшін;
превентивті – құрылыс алдында, алдын ала экспертиза және шұғыл қазбаларды жүргізу үшін.

Тарихи мұраны тонаудан қорғау

Бүгінде "қара нарықта" сатылып жатқан құнды заттар аз емес. Көп жағдайда оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алады.
"Сондықтан заң жобасында металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған. Бұл — тарихи мұрамызды тонаудан,қорғауға бағытталған нақты қадам деп ойлаймыз", - дейді Аймағамбетов.
Сондай-ақ, депутаттар жер кадастрына ескерткіштердің қорғау аймақтарын енгізуді ұсынып отыр. Сонда құрылысты бастағанға дейін арнайы базадан тарихи-мәдени ескерткіштердің бар-жоғын көруге мүмкіндік болады. Ал жергілікті тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекцияларының құзіреті күшейтіледі.
Мәжіліс депутаттары бүгінгі заңды бірінші оқылымда қабылдады.
Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2025
Мәжіліс депутаттары ең төменгі жалақыны көтеруді ұсынды
Жаңалықтар
0