"Еш нәрсе өзгермейді": дәрігерге жарымаған тұғылдықтар шу шығарды – басшылық не дейді

© Sputnik . Айдана Дайырова"Шағымданатын 3-4 адам": Шығыс Қазақстанда ауданда бас дәрігер мен халық неге араз
Шағымданатын 3-4 адам: Шығыс Қазақстанда ауданда бас дәрігер мен халық неге араз - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2025
Жазылу
Ауыл тұрғындары ауылда дәрігердің жоқтығына шағымданды
АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында тұрғындар дәрігерге жете алмадық деп қайта-қайта шағымданып жүр. Ал ауданның бәс дәрігері жағдайдың басқаша болып жатқанын айтады. Екі тараптың уәжін Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдады.
Тұғылда бес мыңға жуық адам тұрамыз, бірақ дәрігерге қолымыз жетпей-ақ қойдық дейді ауыл тұрғындары.

"Ауылда мейірбике көп, бірақ дәрігер жоқ. Аға мейірбике зейнеткерлікке шыққалы үш жыл болды, бірақ әлі күнге жұмыс істеп жүр. Педиатор Әйгерім Асанова аға мейірбикенің туысы, біресе шығып кетеді, біресе қайтып келеді. Тұғылда жалпы үлкен аурухана болған, қазір амбулатория жасады. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүріп жатыр. Енді сол амублаторияны жауып, ауылдағы мүмкіндігі шектеулі 11 балаға оңалту орталығын ашады деген сөз бар", - дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Альмира Жаманова.

Бізге аурухана керек деген тұрғындар бұйымтайымызға ешкім құлақ аспайды дейді. Солай деп назын айтқан тұғылдықтардың үндеуі әлеуметтік желіге де шықты.

"Дәрігер жоқ болған соң ақылы ауруханаға барамын. Тұрғындарды дәрігерге қаралу үшін Ақжарға жібереді. Соңғы үш жылда осы проблемадан көз ашпадық. Аға мейірбике келіп жұмыс істегісі келген жас мамандарға жұмыс істеткізбейді", - дейді Альмира Жаманова.

Бұл пікірге Тұғылда 60 жылдан бері тұратын Нәзипа Кешубаева да қосылды.
"Біздің ауруханада орнын босатпай отырған орта буын маман көп. Қаншама рет телеарнадан журналистер де шақырдық. Бірақ еш нәрсе өзгермейді. Негізі 4800 халыққа төрт дәрігер болу керек екен. Жалғыз дәрігер Айгерім Асанова педиатр, бірақ басқа маман болмағандықтан бірнеше дәрігердің қызметін бір өзі атқарады. Қазан айында ол дәрігеріміз де кетіп қалады. Шындықты айтқан адам қудалауға ұшырайды. Біздікі жанашырлық, бірақ бәле жаптың деп сотқа сүйрейді", - дейді Нәзипа Кешубаева.
Тұғылдықтар зәр анализдерін арқалап, аудан сабылып жүрміз дегенді де айтты. Қысқасы шулай бастасақ дәрігерді әкеле қойып, шу басылса дәрігер қайта жоқ болады деген тұғылдықтардың бас дәрігерге деген өкпесі қара қазандай.
Мәселенің мән-жайын ауданның бас дәрігері Елжан Манарбековтен сұрадық.
"Тұғыл ауылы ауылдардың ішіндегі ең үлкені. Жалпы ауданда жеті дәрігерлік амбулатория бар. Бұл ауылда үлкен аурухана болған, 2017 жылы ол қысқарып қалады да, бұл ауылдың тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға түседі. Біздегі ешбір дәрігерлік амбулаторияда анализдер алынбайды, бір дәрігер ғана отырады, сол қабылдайды. Қалған дәрігерлер ауданда қабылдайды, барлық лабороториялық зерттеулер сол жерде жасалады. Бірақ біз сонда да Тұғылдың халқы көп деп, қан анализдері мен зерттеулерді сол жерге апарып қойдық", - дейді Тарбағатай ауданының бас дәрігері Елжан Манарбеков.
Тұрғындар айтқан зәр анализдерінің де мәселесін шештік дейді бас дәрігер.
"Біз осы жолы лаборантқа айтып, біздегі бір аппаратты алыңыз, үйреніңіз дедік. Бір апта болды соны үйреніп кетті. Ал дәрігерге келетін болсақ, ол жерде екі штат бар. Осы жаздан бастап дипломмен ауылға деп үш маман келді. Әрқайсысына 8,5 млн теңгеден беріліп, екеуі Ақжарға, біреуі Тұғыл ауылына орналасты. Бірақ ол қыз бала болғандықтан келіп-кетіп жұмыс істеп жүр. Өйткені дәрігер қыздың ата-анасы Тұғылға тұрғызғысы келмеді. Біз басында машинамен әкеліп, әкетіп жүрдік. Қазір өзі қатынайды", - дейді Ерлан Манарбеков.
Бас дәрігер кімнің шағым түсіріп, кімнің арызданатынын аттарына дейін жаттап алған.

"Қазіргі уақытта көптеген жыл жөндеу көрмеген ауруханада күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жұмыстан шықпады деп тұрғындар шағым айтқан аға мейірбикені мен босатпай отырмын. Өйткені ол кісі қойма меңгерушісі, күрделі жөндеу біткенше басы-қасында жүре тұрыңыз дедім. Шағым айтқан кісілер жөндеу жасалмады деп шулаған, күрделі жөндеу жасалып жатыр. Енді дәрігер жоқ дейді. Жалпы шағымданушылар 3-4 адам, аттарын да жақсы білемін, әлеуметтік желідегі шағымдарын да оқып отырамын. Басқа тұрғындар рахметін айтып хабарласып жатады", - дейді бас дәрігер.

Бұл жағдай туралы Sputnik Қазақстан тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да сұрап көрді.
"Тұғыл ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң Тарбағатай ауданының оңалту орталығының бөлімшесі ашылып, ауылдағы 11 балаға күндізгі стационарлық ем қабылдау жоспарлануда. Амбулаторияның лаборанты Құралай Имашева 15 қыркүйек – 20 қазан айы аралығында кезекті еңбек демалысын алған. Тұғыл дәрігерлік амбулаториясында 2 дәрігерлік штат бар, екеуінде де дәрігерлер жұмыс істеп отыр. Биыл 7 сәуір айынан бастап учаскелік дәрігер болып Назерке Сәрсембаева қызмет етіп келеді", - дейді ведомство.
Облыстық басқарма да дәрігер Әйгерім Асанованың қызметінен бір кетіп, бір келіп жүргенін растады. 20 қазан айынан бастап ол өз өтініші негізінде қайта учаскелік дәрігер ретінде жұмысқа қабылданған.
Аурухана - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.09.2025
Биыл ауылдарда тағы 100-ден астам медициналық-санитарлық нысан салынады
Жаңалықтар
0