Магистратура мен докторантураға түсу емтиханына құжат қабылдау басталады

© Sputnik / Владимир Песня
/ Жазылу
АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. 28 қазанда магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуден өтуге өтініштер және докторантураға түсу емтиханына құжат қабылдау басталады, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.
Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады.
Магистратураға түсу үшін не істеу керек?
Кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау 2025 жылдың 10 қарашасына дейін (қоса алғанда) жалғасады.
Осы мерзім ішінде шығармашылық дайындықты қажет ететін бейіндік магистратура бағдарламаларына түсушілер де құжаттарын тапсыра алады.
Тестілеу қараша-желтоқсан айларында өтеді.
Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды және 10 қарашаға дейін білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру қаласын өзгерту бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады.
Осы күннен кейін деректерді түзету мүмкін болмайды.
Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 14 қарашада қолжетімді болады.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға арналған кешенді тестілеу электронды форматта өтеді және үш блоктан тұрады:
шетел тілі бойынша тест;
оқуға дайындық деңгейін анықтайтын тест;
білім беру бағдарламасының бейіні бойынша тест.
Тест тапсыру уақыты – 3 сағат 55 минут.
Шекті балл – 75 ұпай, оның ішінде шетел тілінен кемінде 25 ұпай, ал әр бейіндік пәннен 7 ұпайдан кем болмауы тиіс.
Бейіндік магистратураға түсушілер тек бейіндік тест тапсырады.
Шекті балл – 30 ұпай, әр пәннен кемінде 7 ұпай жинау қажет.
Докторантураға түсу үшін не қажет?
Докторантураға қабылдау емтиханына өтініштер 10 қарашаға дейін қабылданады. Түлектер құжаттарын алдын ала ЖОО-лардың қабылдау комиссияларына тапсыруы тиіс.
Докторантураға түсу үшін
ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат
шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет.
TOEFL ITP сертификаты бар үміткерлер негізгі емтихандар басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тест тапсырады.
Емтихан желтоқсан айында өтеді, ал нақты кесте туралы ақпарат 14 және 27 қарашада жеке кабинеттерде жарияланады.
PhD докторантурасына түсу емтиханы мыналарды қамтиды:
сұхбат;
эссе;
бейіндік сұрақтар.
Ал бейіндік доктор (оның ішінде индустриялық PhD) бағдарламасы үшін емтихан екі бөлімнен тұрады:
сұхбат,
бейіндік тест.
Мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға түсу үшін ең төменгі шекті балы:
PhD бағдарламасы үшін – 75 балл,
бейіндік докторантура үшін – 50 балл.