Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневОсень в Астане
Осень в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.10.2025
Жазылу
Қазан айында бірнеше кәсіби мереке бар
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Қазан айында Қарттар күні аталып өтеді. Осыған орай астаналық зейнеткерлерге бір реттік төлем аударылады. Ал Респубика күніне қосымша бір күн демалыс беріледі. Бұдан бөлек, Отбасы банк кейбір төлемдер бойынша шектеу енгізеді. Sputnik Қазақстан осы айда болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Қарттар бір реттік төлем алады

1 қазан күні Қарттар күні аталып өтіледі. Халықаралық қарттар күні 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас ассамблеясында бекітілген болатын.
Бұл мереке Қазақстанда жыл сайын аталып өтеді. Ал Астанада биыл Қарттар күні мерекесіне орай бір реттік төлем беріледі.
"Астана қаласында тіркелген зейнеткерлерге 2,5 айлық есептік көрсеткіш (9 830 теңге) мөлшерінде ақшалай төлем түрінде біржолғы төлем аударылады", - дейді әкімдік мамандары.
Ресми мәліметке сәйкес, елордада 100 мыңнан астам зейнеткер тіркелген.

Кәсіби мерекелер көп

Қазан айында бірнеше кәсіби мереке бар. Олар:
Радио күні – 1 қазан;
Мұғалімдер күні – 5 қазан;
Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні – 6 қазан;
Қазақстан кәсіптік одақтарының күні – 10 қазан;
Құтқарушы күні – 19 қазан;
Орман шаруашылығы қызметкері күні – қазанның үшінші жексенбісі;
Кітапханашы күні – 24 қазан;
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні – қазанның соңғы жексенбісі;
Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні – 29 қазан.

Қазан айында неше күн демаламыз

Осы айда кәсіби мерекелер көп болса, ресми демалыс тек 25 қазанда - Республика күніне беріледі. Биыл бұл мейрам сенбіге түсіп тұр. Сондықтан заң бойынша демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылады.
бес күндік жұмыс аптасы үшін 25, 26 және 27 қазан демалыс;
алты күн жұмыс істейтіндер үшін 25 және 26 қазан демалыс, ал 27 қазан - жұмыс күні.
Жалпы, қазан айында қазақстандықтар барлық демалыс күнін қоса алғанда 9 күн демалады.

АҚШ визасы қымбаттайды

1 қазаннан бастап АҚШ жаңа визалық алым енгізіп отыр. Оның бастапқы мөлшері - 250 доллар (қазіргі бағаммен шамамен 137 мың теңге).
Golf News дерегінше, бұл төлем Visa Integrity Fee ("адалдық алымы") деп аталады және туристік, еңбек, студенттік әрі өзге де қысқа мерзімді визаларға қолданылады.
2025 жылдың қазанына дейін алым көлемі 250 доллар болып бекітілсе, 2026 жылдан бастап тұтыну бағалары индексі бойынша жыл сайын қайта қаралады. Инфляция да ескеріледі.

АЭС-ке атау беру байқауы аяқталады

Алматы облысында салынатын алғашқы атом электр станциясының атауына жарияланған конкурсқа бір күннің ішінде 10 мың ұсыныс түскен.
Қазіргі кезде әрбір қазақстандық eGov Mobile қосымшасында өз атауын ұсына алады. Ол үшін тілді (қазақ немесе орыс) таңдап, атаудың бір нұқсасын жазу қажет. Оның мағынасын да қысқаша сипаттауға болады.
Ұсыныстар 10 қазан күні сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Конкурс комиссиясы соңғы шешімін ашық дауыс беру арқылы қабылдайды.

Отбасы банк шектеу енгізеді

1 қазаннан бастап Отбасы банк жалдау және ипотека бойынша онлайн төлемдерге шектеу енгізеді. Ондай төлемдерді тек жұмыс күндері 9:00-ден 17:00-ге дейін бөлімшелерде немесе "Баспана Маркет" порталы арқылы жасауға болады.
Портал арқылы жасалған өтінімдер үш жұмыс күні қаралады. Сондықтан төлемдерді алдын ала жасаған дұрыс.

Мүлік салығын төлеу керек

1 қазанға дейін жеке тұлғалар 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеуі тиіс. Салықтың көлемі мүлікті иелену мерзіміне қарай есептеледі. Ал кейбір санаттарға (ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, зейнеткерлер және т.б.) жеңілдіктер қарастырылған. Салықты төлеу жолдары:
e-Salyq Azamat қосымшасы;
банктердің қосымшалары;
egov.kz және банкоматтар.
Мүлік салығы уақытында төленбесе, 2 қазанда салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі. Қарыз сомасы 1 АЕК-тен (2025 жылда – 3 932 теңгеден) артық болған жағдайда 30 күннен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіру бұйрығы шығарылады. Ал бес күннен кейін барлық материал сот орындаушыларына жіберіледі. Ондайда салықтың үстінен тағы 25 процент ақы төлеуге тура келеді. Оған қоса, есепшоттарды бұғаттап тастауы мүмкін.

"Қайрат" екінші ойынын өткізеді

"Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасындағы екінші матчын өз алаңында Кипрдің "Пафосына" қарсы өткізеді. Ойын 21 қазанда сағат 21:45-те басталады.
Алдағы ойындар кестесі:
21 қазан, 21:45 — "Пафосқа" қарсы ойын (өз алаңында);
6 қараша, 02:00 — "Интермен" кездесу (сырт алаңда);
26 қараша, 23:45 — "Копенгагенге" қарсы ойын (сырт алаңда);
9 желтоқсан, 21:30 — "Олимпиакоспен" кездесу (өз алаңында);
20 қаңтар 2026, 21:30 — "Брюггеге" қарсы ойын (өз алаңында);
29 қаңтар 2026, 02:00 — "Арсеналға" қарсы ойын (сырт алаңда).

"Ақтау-Шарджа" рейсі ашылады

29 қазанда SCAT әуе компаниясы Ақтаудан Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласына рейс ашады. Ұшақтар аптасына екі рет ұшып тұрады.
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2025
Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді
Жаңалықтар
0