Қазақстан түркітану ғылымын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр – Тоқаев

© Photo : АкордаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.09.2025
Жазылу
Президенттің айтуынша Ресей де әлемдік түркітану ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді
АСТАНА, 17 қыркүйек — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы" атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларына құттықтау жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Ол көне замандардан бері барша түркінің алтын бесігі болып келе жатқан Алтай бүгінгі әлемдік ғылымның биігінен терең зерттеп-зерделеуді қажет ететінін атап өтті. Мұндай кешенді зерттеулер аңғары аңызға толы қарт Алтайдың бауырынан өсіп-өнген күллі түркі жұртының мәдени ықпалдастығын нығайту жолында ауқымды халықаралық диалог орнату үшін де қажет.
"Бүгінде Алтайдың төрт тарабын Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттері тең жайлап жатыр. Сондықтан мен жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинде өткен саммитінде "Трансалтай диалогын" бастау туралы ұсыныс айттым. Бұл қадам біздің елдеріміздің мүддесіне сай келетін ғылыми-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпалын тигізеді", - деп жазылған Тоқаевтың құқттықтауында.
Оның айтуынша Ресей әлемдік түркітану ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді.
"Осы бір өте маңызды ғылыми бағыттың алдыңғы шебінде жүрген орыс ғалымдарының археология, этнология, лингвистика, нумизматика және түркі елдерінің тарихына тікелей қатысы бар басқа да салалардағы зерттеу жұмыстары әлемдік ғылымның жетістігі саналады. Сондай-ақ олардың еңбектері қазіргі замандағы бірлік пен ынтымақтың және өзара ықпалдастықтың пәрменді құралы ретінде бағаланады", - деді президент.
Қазақстан да түркітану ғылымын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр.
Еліміздің бастамасымен 2010 жылы Астанада Халықаралық түркі академиясы ашылды. Бұл мекеме түркі тілдес және басқа да елдердегі белгілі сарапшылардың ғылыми әлеуетін ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей орталыққа айналды.
"Біз Алтай аймағындағы мемлекеттермен ғылым-білім саласындағы байланысымызды кеңейтуге баса мән береміз. Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар мен институттар табысты жұмыс істеп тұр. Белгілі ғалымдардың халықаралық ұжымы көп ұзамай жарыққа шығатын Қазақстанның академиялық тарихының екінші томына өз үлесін қосып жатыр. Бұл еңбекке түркология саласындағы ең соңғы жаңалықтар да енгізілетін болады", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Тоқаев атқаратын шаруа әлі де көп екенін баса айтты. Түркі дүниесі туралы білімді кейінгі ұрпаққа мирас ету үшін оны жүйелей түсу керек.
Жаңалықтар
0