Батыс Қазақстанда бірнеше ауылды ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбыры салынып жатыр

© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
АСТАНА, 17 қыркүйек – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында ұзындығы 63,1 шақырым болатын магистральдық су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
Жоба ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл жобаның іске асуы нәтижесінде бүгінде ауыз суға қол жеткізе алмай отырған Төлен және Сәуле ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Сонымен қатар Қарақамыс ауылындағы су сапасы жақсарады.
"Бұдан бөлек, министрлік 1,3 млн адамды ауыз сумен қамту үшін ұзындығы 2,5 мың шақырымнан астам су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы алғанда, еліміздің 9 өңірінде – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр", – деді вице-министр Ерболат Ибрайханов.
Нысанды пайдалануға беру осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 50%-ы аяқталды.