Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ – Тоқаев

© Photo : Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі Тоқаев конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті
Тоқаев конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.09.2025
Жазылу
Тоқаев "Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ" атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті
АСТАНА, 11 қыркүйек - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ" атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті.
Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба, Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.
Мемлекет басшысы елімізге келген меймандарға ризашылығын білдірді.
"Біз басқа мемлекеттердің озық конституциялық саясатымен бірге Венеция комиссиясының шешуші рөлін және оның үлгілі заң тәжірибесін бағалаймыз. Бұл – демократия институттарының дамуын айқындау және адам құқығына кепілдік беру ісіндегі басты бағдарымыз. Биыл Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толды. Осы орайда, аталған құжаттың жаһандық сын-қатерлер кезіндегі әлеуметтік үйлесімді, тұрақтылық пен қарқынды дамуды қамтамасыз ететін негізгі қызметін атап өткім келеді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қолға алынған ауқымды саяси, экономикалық және конституциялық реформалар жайында айтты. Президент Ата заңға енгізілген өзгерістер өкілді билік тармағы мен құқық қорғау институттарының рөлін нығайтып, атқарушы биліктің есеп беру міндетін күшейткенін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда "Заң және тәртіп" қағидаты іске асырылып жатыр. Құқықбұзушылыққа қатысты жаза мен жауапкершілікті қатаңдатумен қатар халықтың құқықтық мәдениеті біртіндеп артып келеді.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.
"Ашығын айтқанда, бұл реформа саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді. Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидаты сақталады. Жалпыұлттық референдум өткізу туралы ұсыныс бұл тұжырымдаманың өміршеңдігін көрсетеді. Еліміздің болашағына қатысты шешімдерді бірлесіп қабылдау қажет. Сол себепті мен саяси жоспарларымыз туралы алдын ала айтамын,– деді президент.
Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори Қазақстан Еуропа Кеңесінің маңызды серіктесі ретінде түрлі конвенцияларға белсенді қатысып, заң үстемдігін арттыру үшін тиімді институттық реформалар жүргізіп жатқанын атап өтті.
БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
Кездесу соңында мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік конституциялық қадағалау органдарымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтып, алдағы форум жұмысына табыс тіледі.
Тоқаев Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады  - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.09.2025
Тоқаев Қазақстан - Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады
Жаңалықтар
0