Мәуліт мерекесі - 2025: қандай амалдар жасау қажет

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Биыл Мәуліт мерекесі 3-4 қыркүйекке сәйкес келіп тұр
Қасиетті Мәуліт мейрамы Рабиғұл әууәл айында кіреді. Алланың соңғы елшісі ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дәл осы айда дүниеге келген деседі.
Мәуліттің мән-мағынасы қандай
Мәуліт – араб сөзі, қазақша "туған күн" деген мағынаны білдіреді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, елшілердің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға сондай атау берілген.
Мұхаммед (с.ғ.с.) милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі - дүйсенбі күні туған. Ол дүние есігін ашқанда ғаламда ғажап оқиғалар болған деседі. Дүние нұрға бөленген. Анасы Әмина әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеген. Пайғамбарымыз туғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрған.
Атасы Әбдүлмүттәліптен пайғамбарымыздың есімінің сырын сұрағанда ол: "Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін" деп жауап қатқан екен.
"Мұхаммед" есімі Құранның бірнеше аяттарында айтылады. Ал Құранның 47-сүресі "Мұхаммед" есімімен аталған. "Мұхаммед" сөзі "мақталуға лайық, мақталушы" деген мағына береді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) болмыс-бітімі былай сипатталады:
"Кең маңдайлы кісі еді. Қасы қою, көзі қара, кірпіктері ұзын. Бет-әлпеті толған айдай нұрлы еді. Дөңгелек жүзді, сақалы тығыз. Толқын шашы қатты бұйра болмаса да, ортасынан қақ бөлініп иығына жетер-жетпестей төгіліп түсіп тұратын. Кең иықты, кеуделі келген. Алақаны мен табаны ірі болатын. Алақаны жібектей жұмсақ еді. Орта бойлы. Семіз де емес, арық та емес. Денесі тершең, бірақ үстінен хош иіс аңқып тұратын. Жылдам және алға сәл иіле жүретін. Бір жаққа қараса, тұтас денесімен бұрылатын. Жан-жағына атүсті мойын бұра бермейтін. Әрқашан жүзі күлімсіреп тұратын".
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) насихат сөз айтудан гөрі, іспен үлгі көрсетуге ерекше мән берген. Бір нәрсені бұйыратын болса, бірінші оны өзі орындайтын, бір нәрседен тыйым салатын болса, бірінші болып өзі тыйылатын. Мінезі жұмсақ, қолы ашық, жомарт еді және ұдайы күлімсіреп жүрген.
"Алла елшісінің тістерін ақситып, шері тарқап, шегі қатқанша күлгенін көрмеппін. Ол тек күлімсірейтін", — деп әңгімелейді Әзірет Айша.
Мәуліт мерекесін қалай тойлайды
Бұл мерекені атап өтудің негізінде Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілік жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан.
Қазіргі таңда мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Ал Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күні үш күн бойы тойланатын ресми мереке саналады.
Мәуліт мерекесін атап өтуге қатысты ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Олардың бір тобы бұл мейрамға оң көзбен қараса, екінші тобы мәулітке қарсы.
Қандай амалдар жасау қажет
Мәуліт мерекесінде Қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылады. Қасиетті мәуліт күнінде жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар жасауға болады. Бұл мереке кезінде шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт. Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар барлық іс жақсы бидғатқа жатады. Құранда: "Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік" деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге аяқ басып, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш.
"Мәуліт айы – Пайғамбарымыздың өнегелі өмірін насихаттап, сүннет амалдарын дәріптеудің, дініміздің асыл құндылықтарын ұлықтаудың берекелі мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ айтылып, Пайғамбарымызға салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады. Салауат айту – өзіміз үшін қайырлы әрі мол сауапқа жетелейтін ізгі амал. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың сүннетін ұстану – Алланың разылығына жақындатар жолдың бірі", – дейді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бұл мерекені атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
