Тоқаев БҰҰ конференциясындағы делегацияны Астанадағы экологиялық саммитке қатысуға шақырды
13:25 05.08.2025 (жаңартылды: 13:33 05.08.2025)

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Президенттің айтуынша, бұл климаттық өзгерістермен күреске біртұтас жұмылу үшін қажет
АСТАНА, 5 шілде - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев осы бағыттағы БҰҰ-ның алғашқы конференциясының маңызына тоқталды. Ол қабылданған Алматы іс-қимыл бағдарламасы теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарғанын еске салды.
Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді.
"Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады. Ол теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отырғанын айтты.
"Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын", – деді мемлекет басшысы.
Президент өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты.
"Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады", - деді Тоқаев.
