"Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы" - БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш
13:46 03.08.2025 (жаңартылды: 13:58 03.08.2025)

© Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Тоқаев Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді
АСТАНА, 3 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы қарсаңындағы тығыз жұмыс кестесіне қарамастан мәртебелі мейманның Алматыға арнайы келгенін атап өтті.

Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді
© Пресс-служба президента Казахстана
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына арналған алғашқы орталықтың ашылуы – бүкіл аймақ үшін айтулы жетістік.
"Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға өзімнің, сондай-ақ Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын, – деді Тоқаев.
Антониу Гутерриш қонақжайлық танытқаны үшін ілтипатын жеткізіп, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.
Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды. Өркениеттердің қақтығысы туралы сөз қозғалғанда, Қазақстан өз тәжірибесі арқылы түрлі діндер және мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнату мүмкін екенін дәлелдеді. Сіздер әрдайым әлемді ауызбіршілік пен бауырластыққа үндеп келесіздер, – деді Бас хатшы.
Кездесуде БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы қызметінің перспективасы, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі, халықаралық және өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.
