Жыл басынан бері 250 мың адам жұмысқа орналастырылды

© Photo : Акимат Жамбылской области Кирпичный завод открылся в Жамбылской области
Кирпичный завод открылся в Жамбылской области  - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.07.2025
Жазылу
2025 жылдың соңына дейін оның санын 480 мыңға жеткізу жоспарланып отыр
АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 250 мың азамат жұмыс тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның 134 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.
"Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында 4,6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды. "10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны" бастамасы аясында – шамамен 63 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 67 мың адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында 116 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты", – деді вице-министр.
2025 жылдың соңына дейін өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында барлығы 480 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 196,8 мың азамат тартылды.
48,1 мың адамға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылды, оның ішінде:
білім беру ұйымдарында – 1,8 мың адам,
жұмыс берушінің жұмыс орнында – 1,3 мың адам,
Skills Enbek платформасында онлайн оқытумен 45 мың адам қамтылды.
Оқуды барлығы 42,2 мың адам аяқтады.
"Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 30,8 мың адам қамтылып, оның 17,1 мыңы сертификат алды.
Жеңілдетілген жұмыс орындарына 113,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: 81,2 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 10,3 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 7,9 мың адам жастар тәжірибесіне, 1,5 мың адам "Алғашқы жұмыс орны", 69 адам "Ұрпақтар келісімшарты", 12,8 мың адам "Күміс жас" жобалары аясында.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тағы бір бағыты – азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарына мемлекеттік гранттар беру.
"2025 жылы 9 мың грант беру жоспарлануда. Ол екі кезеңмен жүзеге асырылады. Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін бірінші кезең аясында 4 179 грант берілді. Барлығы 11,5 мыңға жуық өтінім қабылданды", - деді Асқар Биахметов.
Гранттар жұмыссыз мәртебесіндегі немесе 3 жылдан аз жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Қаражат құрал-саймандарды, жабдықтарды, жануарларды сатып алуға, үй-жайларды жалға алуға және бизнес жобаларды жүзеге асыруға байланысты басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.
Жаңалықтар
0