Маңғыстау облысында халықтың мазасын қашырған мәселе шешілуі мүмкін

Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.07.2025
Жазылу
Ескерту хатта көрсетілген мәселелер реттелмесе, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялар қайтарылады
АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Маңғыстау облысында Шетпе ауылы маңындағы заңсыз қиыршық тас өндіретін карьерлерге шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шетпеліктер бірнеше жылдан бері жарылыстың дүмпуінен, шаң-тозаңнан және ауыр көліктердің қозғалысынан әбден шаршаған. Ауыл тұрғындары экологиялық және материалдық мәселелерге жиі шағымданады. Тексеріс кезінде келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған 7 карьер мен экологиялық заңнама талаптарын бұзған 11 карьер анықталды. Биыл шілде айында барлығына ресми ескерту хаттары жолданды.
Заңға сәйкес, ескерту хатта көрсетілген мәселелер реттелмесе, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялар қайтарылады. Ал келісімшартты біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға рұқсат бар.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекеновтің айтуынша, бүгінде Шетпе ауылы маңындағы карьерлердің қызметін тұрақты бақылау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.
"Оның құрамына құқық қорғау органдары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар кіреді. Бұл жұмыс тобы жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінің заң талаптарына сай болуын қадағалайды. Егер заң бұзушылықтар жойылмаса, тиісті шаралар қабылданып, заңға сәйкес карьерлерге шектеулер енгізіледі", - дейді Дүйсекенов.
Қазіргі таңда ауыл аумағында барлығы 25 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 20 кәсіпорын келісімшарт негізінде, ал 5 кәсіпорын лицензия негізінде жұмыс істеп жатыр. Олардың тарапынан заңсыз өндіру жұмыстары жүргізілгені анықталған жағдайда 110 000 000 теңге айыппұл өндіріледі.
Жаңалықтар
0