"Жетісуда су тапшы емес": жергілікті билік диқанның мәлімдемесіне жауап берді

© Sputnik / Илья Наймушин / Медиабанкке өтуПшеница, урожай
Пшеница, урожай - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2025
Жазылу
Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше өңірде астық пен жем-шөптен проблема болмайды
АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Жетісу облысының диқаны Александр Квитконың "аптап ыстық пен жауын-шашынның аз болуынан биыл астықтың өнімділігі төмен болады" деген мәлімдемесіне қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ведомство диқан келтірген кейбір деректер шындыққа жанаспайтынын, жағдай ол айтқандай жаман емес екенін айтты.
Биыл жалпы облыста 240,3 мың гектар алқапқа масақты дәнді дақылдар себілген. Маусым айында егіннің жағдайын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде:
143 мың гектар немесе 60% егіс алқабының жағдайы жақсы,
80 мың гектар – қанағаттанарлық,
17 мың гектар – қанағаттанарлықсыз деп бағаланған.
Басқарманың мәліметінше жағдайымыз қиын деген диқан да назардан тыс қалмаған, көмек алып жатыр.
"Былтыр "Квитко" шаруа қожалығына 111 млн теңге, биыл 3 млн теңге көлемінде субсидия бөлінді, сондай-ақ 20 тонна жеңілдетілген дизель отыны берілді. Өнімді сақтандыру мәселесі – шаруа қожалықтарының ерікті түрде қабылдайтын шешімі. Айта кетері, Александр Квитко сұхбат барысында тек өзінің жеке шаруашылығындағы жағдайды баяндаған", - дейді ауыл шаруашылығы басқармасы.
Биыл өңірде 240,3 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 38,7 мың гектары орылып, 61,5 мың тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік – 15,9 центнер. Ал жиналған өнімді 8 компания қабылдап жатыр. Өнімді сатып алу бағасы:
бидай – тоннасына 75-95 мың теңге,
арпа – 85 мың теңге.
Яғни, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25-45 мың теңгеге жоғары.
"Облыс өзендеріндегі су ағыны төмендегенімен, егістік алқаптарды суару бекітілген кестеге сай жүргізілуде. 6 су қоймасында су 32% орташа толған. Қазіргі уақытта 200 мың гектар алқаптағы дақылдар екі рет толық суарылып, 6,2 мың гектар алқапта үшінші рет суару жұмыстары жүргізілуде. Суару жұмыстары жалғасуда және күнделікті бақылауда", - дейді ведомство.
Сонымен қатар 35,9 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді және 6 мың гектар жерде арзан әрі тиімді полиэтилен құбырларымен дискреттік суару әдісі қолданылуда.
Ал Жетісу облысындағы мал азығына келсек, басқарма биыл малымыз көтерем болмайды дейді.
"Мал қыстату науқанына 2,2 млн тонна мал азығы қажет. Бүгінгі күні 994 мың тонна шөп дайындалды, алдағы уақытта үшінші рет шабу жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай Жетісу облысында мал азығына тапшылық болмайды", - деп түйіндеді Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.
Еске сала кетейік, Жетісу облысы Ақсу ауданының диқаны Александр Квитко биыл ауа райына байланысты егін тым төмен екенін, бар-жоғы 15 сантиметр ғана көтерілгенін мәлімдеген болатын.
Пшеница, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.07.2025
"Биыл астық аз болады": диқандар неден қауіптеніп отыр
Жаңалықтар
0