"Әжелеріміз ренжіді": құрақтан әлемдік рекорд орнатқан шеберлер назарсыз қалды

© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
Қазақстандағы қолөнер шеберлері үшінші рет құрақ көрпе жобасына қатысты
АЛМАТЫ, 20 шілде – Sputnik. Қазақстандық қолөнер шеберлері әлемдік рекорд орнатты. 13 мың шаршы метрлік құрақ көрпе құраған тігіншілердің өнері талайды тамсандырды. Алайда әлемді өзіне қаратқан Абай облысының шеберлері жергілікті биліктің назарынан тыс қалған. Sputnik Қазақстан тілшісі қолөнер шебері Бақытжан Шәпеновамен тілдесті.
Қазақстандағы қолөнер шеберлері үшінші рет құрақ көрпе жобасына қатысты. 2023 жылы 500 метрлік төр көрпе құраса, былтыр 11 мың шаршы метр көрпе құрады. Ал биыл құрақ көрпенің көлемі 13600 шаршы метрден асты. 8 елдің өкілдері бақылаған қазақстандық шеберлердің өнері әлемдік деңгейде рекорд кітабына енді.
Жоба қалай пайда болды
Республикалық жобаға қатысқандардың бірі Бақытжан Шәпенова жоба үш жыл бұрын басталғанын айтады.
"2023 жылы Астанада алғашқы "Аламан құрақ" жобасы қолға алынды. Бұл идеяның авторы – Нұргүл Абайдан. Мақсаты – құрақтың құндылығын көрсету, қазақ әйелдеріне үйрету. Ол кезде Абай облысынан өзім ғана қатыстым", - дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі.
Сол жылы құрақшылар Қазақстанның рекордтар кітабына кірген. Ол кезде Қазақстан бойынша жалпы 200 адам қатысып, 500 метрлік төр көрпе тіккен.
"Аламан құрақтың" талабы қандай
Көрпе ши құрақ техникасымен тігілген. Республика бойынша жобаға қатысқан барлық құрақшы бірдей техника, бірдей түс, бірдей көлемде құрау керек.
"Бұның мағынасы – бірдей етіп құрап шығу. Республика бойынша әр жерде тұрсақ та, бір қолдан шыққандай бірінің құрағын бірі жалғастырып кету керек", - дейді қолөнер шебері.
Ал былтыр 11 мың шаршы шаршы метрді "Көшпелі ойындары" шарасының ашылу салтанатында құраған. Құрақ көрпелер тайқазанның айналасына жайылған. Былтыр бұл шараға Абай облысынан 30 құрақшы қатысқан. Ал биыл 13 600 шаршы метр құрақ көрпе тігілді.
"Біздің құрақты шетел еншілеп алмаса екен..."
"Біздің құрақ көрпемізді басқа мемлекеттер патенттеп, иемденіп алмаса екен деп ойладық. Құрақ көрпенің құндылығы өте жоғары: көз тимесін деп төрге төселген. Басы, дүниесі, байлығы құралсын деп ырымдаған. Құрақ көрпеге қатысты қазақта мынадай ырым болған: баласы шетінеп кете беретін әйелдің енесі 40 үйге кіріп, жыртыс шүберектер алып, соны құрақ көрпе етіп тіккен екен. Сол көрпені нәрестесі шетінеп кете беретін келінінің астына төсейді екен", - дейді Бақытжан Шәпенова.

Қазақстандағы қолөнер шеберлері үшінші рет құрақ көрпе жобасына қатысты
© Sputnik / Айдана Дайырова
Биыл қазақстандық құрақшылар әлемдік "Global book of records" дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.
Абай облысында құрақшылардың қадірі болмай тұр
Шетелдіктер назар тіккен құрақтың өз елімізде қадірі болмай тұр, дейді Бақытжан Шәпенова.
"Бірінші жыл қатысқанымда мәдениет басқармасына барып, қолдау көрсетуін сұрадым. Ол кісілер видео жасап әкел деді. Мен құрақтан қолым тимеді. Бізге әр облыс өздері туралы видео жасасын деген еді", - дейді қолөнерші.
Былтыр республикалық құрақ жобасына Абай облысынан 30 шебер барған. "Аламан құрақ 2024" жобасы Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өз рекордын жаңартты.
Гүл де керек емес...
"Біз сондай жобадан үлкен мәртебеге ие болып келдік. Мәдениет бөліміне сәл ғана назар бөліп, ең болмаса құрақ құраған әжелерімізді марапаттап қойыңыздаршы деп өтіндік. Өзіміздің сертификатымызды өзімізге кез келген мерекеде елдің көзінше тапсырып беріңіздерші, гүл де керек емес дедік. Былтыр 83 жастағы апа барды сол жобаға. Бірақ сол беті еш назарсыз қалдық", - дейді Бақытжан Шәпенова.
Басқа аймақ шеберлерін шашу шашып күтіп жатқанда абайлық шеберлер елеусіз қалған.
"2-3 күн бұрын Павлодар облысы құрақшылары үшін керемет мереке ұйымдастырып, марапаттады. Көрпелерін жазғызып, ел алдында мәртебесін көтерді. Абай облысының құрақшылары жобаға өз күшімізбен қатыстық, бізге де ақша керек емес, сәл ғана жылы лебіз де жетер еді. Әсіресе әжелеріміз сондай ренжіп қалды. Олар үлкен кісілер ғой", - дейді абайлық қолөнерші.
Абай облысының құрақшылары биыл да мәдениет бөліміне қолқа салған. Нәтижесі әлі белгісіз.
