Банк ипотекаға алынған үйді қай кезде алып қоя алады

© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Бүгінде ипотека ұзақ уақытқа рәсімдейтін адамдардың көбісі алдағы өзгерістерді ескермей жатады. Банктен қарыз алған адам екі-үш жылдан кейін жұмыссыз қалуы мүмкін, я болмаса, тағы бір баласы дүнеге келіп, күнделікті шығыны өсіп кетеді. Ондайда онсыз да ипотекаға ақшаны әрең жеткізіп жүргендер қатты қиналып қалады. Ал заң бойынша кепілде тұрған пәтерді сатып, қарызды жабуға болады, я болмаса, ай сайынғы төлемді азайтуға мүмкіндік бар. Sputnik Қазақстан ипотекаға қатысты маңызды сұрақтардың жауабын ұсынады.
Кредиттік каникул алуға бола ма
Ипотеканың шарттарын тек қаржылай қиындықтарға байланысты өзгертуге болады. Соның ішінде жұмыссыз қалу, емделу, баланың тууы және тағы басқа жағдайлар бар. Бұның бәрін нақты құжатпен дәлелдеу керек. Олар:
жұмыстан шығару туралы бұйрық;
диагноз жазылған медициналық тексерістің қорытындысы;
жүкті болғаны немесе баланың туғаны туралы куәлік;
жеке кәсіпкердің есепшотына ақша түспегенін растайтын түбіртек (бизнес болған жағдайда).
Қазіргі заңнамаға сәйкес, кредиттік каникул мерзімді әскери қызметке барған адамдарға ғана беріледі. Оларға бір жыл бойы және әскерден келгеннен кейін екі ай ипотеканы төлемеуге рұқсат бар. Ал қалған адамдар банкке өтініш жазып, ипотеканы төлеу шартын ғана өзгерте алады.
Ипотека шартын жеңілдету жолы
Ипотеканың барлық төлемі уақытында жасалған жағдайда қарызды қайта қаржыландыруға болады. Ондайда сол банктің өзінен немесе басқа банктен бұған дейінгі ипотекадан да тиімді шартпен ақша алып, қарызды жабуға болады. Соның арқасында ай сайынғы және артық төлемдерді азайтуға мүмкіндік бар.
"Мәселен, сіз ипотеканы алып, екі-үш жылдай уақытында төлеп тұрдыңыз. Одан кейін ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге шешім шығарды делік. Ондай шешімнен кейін екінші деңгейлі банктер кредиттің мөлшерлемесін де азайтады. Бұл дегеніміз, тиімді шарттармен басқа несие алып, бұрынғы кредитті жаба салуға болады", - дейді мамандар.
Ал ипотека бойынша ай сайынғы төлемдер жасалмаса, қайта қаржыландыру қолданылмайды. Қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігі ғана қалады.
Ипотеканы қайта құрылымдау қалай жасалады
Қарызды қайта құрылымдау кезінде төлем жасау шарттары өзгертіледі. Оны тек адамның қаржылай жағдайы қиындаған кезде жасайды. Тәртібі:
банк төлемнің кешіктірілгені жайында он күннің ішінде хабарлайды;
қарыз алушы 30 күннің ішінде қарызды қайта құрылымдау туралы өтініш жазып, ипотеканы төлеу бойынша өз шартын ұсынады;
банк 15 күннің ішінде жауап беруге міндетті;
банктің оң шешімі шықса, қосымша келісімшарт жасалады.
Ал банк қарызды қайта құрылымдаудан бас тартса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге болады. Одан кейін сот банкті ипотека шартын өзгертуге міндеттей алады.
Қарызды қайта құрылымдау жолдары:
ипотеканың мерзімін ұзартып, ай сайынғы төлемді азайту;
сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
ай сайынғы төлемді үш айға шегеру;
қарызды жабу әдісін өзгерту;
төленбеген негізгі қарызды кешіру;
айыппұл мен комиссияларды алып тастау;
пәтерді өздігімен сату.
Банк пәтерді алып қоя ала ма
Қарызды қайта құрылымдау аясында қарыз алушы пәтерді үш айдың ішінде өзі сата алады. Олай істемесе, банк оны аукционға шығарады. Одан көп ақша түспей, қарыз жабылмай қалуы да мүмкін. Бірақ бүгінде заң бойынша кепілде тұрған мүлікке қатысты нақты шектеулер бар. Олар:
ипотека 85 процентке жабылса, банк кепілде тұрған баспананы алып қоя алмайды;
әлеуметтік осал топтарға кіретін азаматтарды жылыту маусымы кезінде жалғыз баспанадан шығаруға тыйым салынған;
банк кепілде тұрған үйді өз балансына ауыстырса, әлеуметтік осал азаматтар оны сатып алу құқығымен жалдай алады;
кепілде тұрған баспана аукцион арқылы сатылса, оның бағасы 75 проценттен төмен түспеуі шарт (20 млн теңгенің пәтерін кем дегенде 15 млн-ға сатуға болады).
Бұдан бөлек, бүгінде кешіктірілген төлемдердің мерзімі алты айға ұзартылған болатын. Осылайша, қарызды өндіріп алу шараларын жарты жылдан кейін ғана бастауға рұқсат бар.