Еуропалық комиссия Украинаға 100 млрд еуроға дейін бөлуді ұсынды

© Sputnik / Алексей Витвицкий
Жазылу
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Еуропалық комиссия сәрсенбіде Еуропалық Одақтың 2028-2034 жылдарға арналған 2 триллион еуролық көпжылдық бюджетінің мөлшері мен шығысы бойынша ұсынысты таныстырды, деп хабарлады РИА Новости.
Жоба Украинаны қалпына келтіруге 100 миллиард еуроға дейін бөлуді ұсынады, деп хабарлады бюджет жөніндегі еуропалық комиссар Петр Серафин.
"Сонымен қатар біз Украинаға Еуроодақ бюджетінің лимитінен тыс 100 миллиард еуроға дейін қаржы бөлдік. Бұл Украинаны қалпына келтіру мен қайта құру бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер", - деді ол баспасөз мәслихатында бюджет жобасын таныстыра отырып. Трансляция Еуропалық комиссияның сайтында жүргізілді.
Серафин 2 триллион еуроны құрайтын болашақ бюджет үш негізгі салаға бағытталатынын атап өтті:
одаққа мүше мемлекеттерді қолдау,
бәсекеге қабілеттілік қоры арқылы бизнесті қолдау,
жаһандық серіктестерді қолдау.
Осылайша, Еуроодақ саясатына байланысты бірнеше рет ереуіл өткізген фермерлерді қолдауға 300 миллиард еуро, Еуропалық Одақтың дұрыс дамымаған аймақтарын дамытуға 218 миллиард еуро бөлінеді.
"Еуропаның шекараларымыздағы ортақ сын-қатерлерге жауап беру қабілетін нығайту үшін біз шекаралық қауіпсіздік пен көші-қон қорларын ұлттық және аймақтық серіктестіктерге біріктіріп, қаржыландыруды үш есеге арттырамыз", - деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, ЕО-ның Украина, Ресей және Беларусьпен шектесетін шығыс аймақтары қауіпсіздік пен экономика саласындағы нақты проблемаларға байланысты бонустық қаражат алады.
"Бәсекеге қабілеттілік қоры аясында қорғаныс пен ғарыш саласына инвестиция салудың маңыздылығы зор. Біз осы мақсаттарға арналған ресурстарды бес есеге ұлғайтып, оларды 131 миллиард еуроға жеткіземіз. Бұл біздің Бәсекеге қабілеттілік қорының қорғаныс саласына қосқан үлесі болмақ", - деп түйіндеді ол.
Бюджет жобасын қабылдау үшін 27 мүше-мемлекеттің келісімі мен Еуропарламенттің мақұлдауы қажет.
