1 қыркүйектен бастап барлық мектепте тәрбие бағдарламасы өзгереді

1 сентября во всех школах Алматы прошли торжественные линейки
1 сентября во всех школах Алматы прошли торжественные линейки - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2025
Жазылу
Жаңа бағдарлама мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік және жекеменшік мектептерде тәрбие жұмысы "Адал азамат" атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бағдарламаның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Ал тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады.
"Ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Мысалы: әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу процесінің өзегіне айналмақ. Осы бағытта мектеп өміріне "Өнегелі 15 минут", күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен қатар оқушының мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді", - дейді министрлік мамандары.
Барлық мектеп үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады.
"Бұл – бұрын жүзеге асырылған "Біртұтас тәрбие" тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, мемлекет басшысының "Адал азамат – адал еңбек – адал табыс" идеологиялық қағидасымен үндестірілген", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, бұған дейін "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында "Қамқор" (экология және волонтерлік), "Еңбегі адал – жас өрен" (еңбекке баулу және мамандыққа бағдар), "Smart Bala" (IT және инновациялық ойлауды қолдау), "Шабыт" (өнер мен мәдениет арқылы рухани даму), "Ұшқыр ой алаңы" (пікірсайыс пен зияткерлік ойындар), "Балалар кітапханасы" (оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін дамыту) деген алты ірі жоба жүзеге асқан болатын. Сонымен бірге буллингтің, құқықбұзушылық пен балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған жобалар жалғаса береді.
Жаңалықтар
0