ЕАЭО мен Индонезия еркін сауда туралы келіссөзді аяқтады
Жазылу
Индонезия Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халқының саны 300 миллион адамға жақындаған ірі экономикалардың бірі саналады
АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев пен Индонезия Республикасының экономикалық мәселелер жөніндегі министрі- үйлестірушісі Аирлангга Хартарто еркін сауда туралы келісім жасау бойынша келіссөздің аяқталғанын хабарлады, деп жазды ЕЭК баспасөз қызметі.
"Еуразиялық экономикалық одақ негізгі достас елдермен экономикалық серіктестік желісін дамытуды жалғастырып жатыр. Ал Индонезия БРИКС-тің мүшесі және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халқының саны 300 миллион адамға жақындаған ірі экономикалардың бірі екені белгілі", - деп атап өтті Андрей Слепнев.
ЕЭК министрі серіктестің еуразиялық "бестікке" кіретін мемлекеттермен ынтымақтастыққа дәстүрлі қызығушылығын еске салды. Атап айтқанда, 2023 жылы Мәскеуде өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форум аясында "ЕАЭО – Индонезия" ауқымды бизнес-диалогы өтті.
"ЕАЭО-ның Индонезиямен шамамен 3 млрд долларлық сауда-саттығына баж салығы төмендетіледі. Келісім күшіне енгеннен кейін алдағы 3-5 жылда елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есеге өседі деп жоспарлап отырмыз. Біз Индонезияға ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларын жеткізу көлемі айтарлықтай өседі деп үміттенеміз", - деп атап өтті ЕЭК сауда министрі.
Андрей Слепневтің айтуынша, ЕАЭО Индонезия нарығында, мысалы, полимерлер, тыңайтқыштар, энергетикалық ресурстар, карьерлік самосвалдар, құбырлар, металдар мен түсті металл бұйымдары, электр және механикалық жабдықтар сияқты тауарларға жеңілдік алады. Сондай-ақ әңгіме бидай, ұн, құрғақ сүт, кондитерлік өнімдер, халал сиыр еті, құс етін жеткізу туралы болып отыр.
