Жылына 35 мың литрге дейін: министрлік қазақстандықтарға су үнемдеу әдісін ұсынды
09:12 10.07.2025 (жаңартылды: 09:13 10.07.2025)

© Sputnik / Сергей Венявский
/ Жазылу
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігі тұрмыстық жағдайда суды үнемдеуге арналған әдістемелік ұсыныстар әзірледі.
Ведомство мәліметінше, ол ұсыныстарды толығымен қолдану арқылы алты адамнан тұратын бір отбасы жылына 35 мың литрге дейін су үнемдей алады.
Ұсыныстарға мыналар кіреді:
кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды тек толық жүктемемен пайдалану;
тісті жуғанда кранды жауып, стақанмен су пайдалану;
ванна қабылдаудың орнына қысқа душ қабылдау;
көкөніс пен жемістерді ыдыстағы сумен жуу;
автоматты сенсорлы крандарды қолдану;
унитаздарға екі деңгейлі су жіберу жүйесін орнату;
су ағынын реттейтін арнайы саптамалар (аэраторлар) пайдалану;
крандардағы ақауларды үнемі бақылап, судың ағуын дер кезінде жою.
"Біз тұрмыста суды үнемдеудің маңызын мүмкіндігінше көп адамға жеткізгіміз келеді. Әрбір азамат елдің су ресурстарын сақтауға үлес қоса алады. Министрлік әзірлеген ұсыныстар суды үнемдеу – оңай әрі тиімді екенін көрсетіп отыр", – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Министрлік әзірлеген ұсыныстар көрсетілген баннерлерді қоғамдық орындарда орналастыру жоспарланып отыр.