Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің міндеттерін кеңейтті

© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Жарлық жаңа Бюджет кодексінің қабылданғанын және Кеңестің өкілеттіктері кеңейтілгенін ескере отырып қабылданды
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 4 шілдедегі "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің кейбір мәселелері туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес құрылсын", - делінген мәтінде.
Жарлық жаңа Бюджет кодексінің қабылданғанын және Кеңестің өкілеттіктері кеңейтілгенін ескере отырып қабылданды.
Кеңестің негізгі міндеттері Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының президентіне жәрдем көрсету және ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Кеңестiң функциялары:
1.
Қорды қалыптастырудың және пайдаланудың тиiмділігін арттыру жөнiндегі ұсыныстарды әзiрлеу;2.
Қорды пайдаланудың көлемi мен бағыттары жөнiндегi ұсыныстарды қарау және әзiрлеу;3.
материалдық емес активтердi қоспағанда, Қорды орналастыру үшiн рұқсат етілген қаржы құралдарының тiзбесi жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу болып табылады.4.
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;5.
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау бағыттары бойынша ұсыныстарды қарау және әзірлеу;6.
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;7.
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару кеңесінің құрамы (қызметі бойынша):
Қазақстан Республикасы Президенті – Кеңес төрағасы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы (келісім бойынша)
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрі
ҚР Ұлттық экономика министрі.
Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігі болып табылады.