Ливияда жарылған жүк кемесінде Қазақстан мұнайы болған жоқ – министрлік

© PhotoКомпания NCOC
Компания NCOC - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.07.2025
Жазылу
Bloomberg агенттігі кеме сәуір айының басында Ресейдің Усть-Луга портына кіріп, онда қазақстандық мұнайды тиегенін хабарлаған болатын
АЛМАТЫ, 1 шілде - Sputnik. Ливияда жарылған жүк кемесінде Қазақстан мұнайы болған жоқ, деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
Ақпарат құралдарында "Ливия жағалауында жарылған танкер Қазақстан мұнайын тасымалдауы мүмкін" деген ақпарат тарады. Қазақстанның энергетика министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды.
"Оқиға жекеменшік танкермен байланысты. Нақты ақпаратқа сүйенсек, соңғы жүк Ливия портында тиелген. "Танкерде Қазақстан мұнайы болған" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, миллион баррель мұнай тасымалдаған Виламура танкері Ливия жағалауында жарылды. Бұл туралы Bloomberg ақпарат порталы жазды.
Танкер Грекияға жеткізіліп, апаттың неден болғаны анықталады. TMS tankers оператор компаниясының өкілінің айтуынша, жарылыс кеменің машина бөлмесінде болған. Оқиғаның нақты себебі әлі анықталған жоқ.
Bloomberg деректеріне сәйкес, Vilamoura кемесі сәуір айының басында Ресейдің Усть-Луга портына кіріп, онда қазақстандық мұнайды тиеген. Мамыр айында танкер Ресейдің Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының терминалына кірген. Ол негізінен қазақстандық мұнайды жөнелтеді.
Компания өкілінің айтуынша, жарылыс салдарынан қоршаған ортаға зиян келді, адам шығыны болған жоқ.
"Vanguard Tech мәліметтері бойынша, жыл басынан бері тағы төрт кемеде жарылыс болған. Олардың барлығы осыдан біраз бұрын Ресей порттарына кірген", — деп жазды Bloomberg.
Жаңалықтар
0