Елімізде қамқорлықсыз қалған балаларды отбасына қабылдаудың жаңа түрі енгізілді

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуМалыш на плечах у взрослого, архивное фото
Малыш на плечах у взрослого, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.07.2025
Жазылу
Кәсіби қабылдаушы отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін тәрбиелеуге мүмкіндік алады
АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. 1 шілдеден бастап Қазақстанда балаларды отбасына орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізіледі. Бұл – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы үй жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған уақытша, бірақ маңызды қадам, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін тәрбиелеуге мүмкіндік алады.
"Мұндай отбасыға бала қабылдамас бұрын үміткерлер міндетті түрде арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Оқыту жетім балаларға арналған мемлекеттік мекемелерде және балаларды отбасына қабылдағысы келетін адамдарды оқытуға құқығы бар аккредиттелген ұйымдарда ұйымдастырылады", - деп жазылған хабарламада.
Кандидаттарды бекіту туралы түпкілікті шешімді қамқоршылық және қорғаншылық органдары қабылдайды. Бұл шешім заң талаптарына сәйкес қабылданады.
"Қазіргі уақытта қамқоршылық органдары кәсіби қабылдаушы ата-аналарды іріктеу және даярлау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Жаңа форматтың негізгі артықшылығы – балалар интернат мекемелеріне емес, бірден отбасыларға орналастырылады. Бұл — баланың психологиялық күйзеліске түсу қаупін азайтып, алғашқы күндерден-ақ оны мейірім мен жылылыққа толы тұрақты отбасылық ортаға бейімдеуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Әрбір кәсіби қабылдаушы тәрбиешіге балаға жұмсалатын ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ тәрбиелеу қызметі үшін еңбекақы төленетін болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде балаларды отбасына орналастырудың төрт түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат, қабылдаушы отбасы.
Жаңалықтар
0